Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тозаққа түстім деп ойладым": Клиникалық өлімді басынан кешірген әйел сырымен бөлісті

Жарияланған күні:

Клиникалық өлім нәтижесінде өліп-тірілгендер өмірлері қаншалықты өзгергенін 7-ші арнаның "Өз ойым" бағдарламасында баяндап берді деп жазады NUR.KZ.

Видеодан скриншот
Фото: Видеодан скриншот: Facebook

Реаниматолог дәрігер Нұрбол Асабайұлының сөзінше, клиникалық өлім мен биологиялық өлімді шатастырмау керек.

Клиникалық өлім кезінде науқастың жүрегі мен өкпесі жұмыс істемейді. Сондықтан адамның айналымдағы қан процестері тоқтайды. Бірақ бір немесе бес минутта ағзаға қажет көмек көрсетіліп, ол органдар қайта істеп кетуі мүмкін. Себебі адам толық өліп бітпеген.

Егер одан кешігіп қалса, онда биологиялық өлім болады. Бұл кезде адам қайтып келмейді екен.

Бағдарлама кейіпкері Гүлнар Құдайберген ота кезінде клиникалық өлімді басынан кешірген. Сөйтіп өзін сырттай бақылаған екен.

Әйел адам тіпті басқа әлемдегі адамдармен сөйлесіп, тозақ пен жұмаққа барғанын айтты.

"Ота барысындағы хирургтердің әңгімесін естідім. Олар мені енді тірілмейді деп ойлады. Оларға тірі екенімді айтайын десем, қолдарым көрінбейді, сөздерім естілмейді. Қызыл бөлменің ішінде тұрдым. Сонда өзімді тозаққа түстім деп ойладым", - деді Гүлнар.

Әйел адамның сөзінше, бөлмеден кешірім сұрап, тәубесіне келіп жатқан дауыстар естілген.

Кенет ол аппақ, көз ауыртатындай шағылысқан жерге барыпты. Сонда өзін жұмаққа түскендей сезінген екен. Онда бойлары аласа, ежелгі адамдар онымен тілдесіп, Гүлнарға "Саған ерте әлі, сен қайтасың" депті.

"Маған қызым мен жолдасымның жылап тұрғанын көрсетті. Өзімнің қайтқым жоқ, бірақ өмірде адамдардың қиналып жатқанын көрдім", - деді Гүлнар Құдайберген.

Нәзигүл Мекебай да дәл осындай күйді басынан кешірген.

"Онда өзімді бақытты сезіндім. Өзімнен басқа ешкімді көрмедім. Ес-түсімді білемін. Сандырақ та, фантазия да емес. Өзімнің бір ерекше жерге барғанымды, өмірі көрмеген жерді көргенімді сездім. Күмістей аппақ, шегі жоқ кеңістік. Көзге ілінер ештеңе жоқ. Жан-жағының барлығы жылтыр. Астыдан тұман тұрғандай, яғни мені бірдеңе көтеріп тұрғандай болды. Аяғым қатты затты басып тұрған жоқ. Ондағы уақытты да өлшей алмадым", - деді Нәзигүл Мекебай.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1774818-tozakka-tstim-dep-ojladym-klinikalyk-limdi-basynan-kesirgen-jel-syrymen-blisti/