Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Науқас қызын жалғыз өзі бағып отырған әке жұрттың жүрегін ауыртты (фото)

Опубликовано:

Ақтөбе қаласында екі баласын өзі бағып отырған 47 жастағы Жаңабек Қуандықов қиын өмірі туралы баяндады. Жалғызбасты әкенің үлкен қызы сал ауруына шалдыққан деп хабарлайды NUR.KZ.

Науқас қызын жалғыз өзі бағып отырған әке жұрттың жүрегін ауыртты (фото)
Жаңабек Қуандықов балаларымен. Фото: отбасылық мұрағаттан: UGC

2005 жылы отбасылы болған ер адамның сөзінше, жүйке ауруына шалдыққан бұрынғы әйелі басқа адамға тұрмысқа шығып кеткен.

"Өзім 2005 жылы үйлендім, 2006 жылы қызды болдым. Келіншегім бала кезінен жүйке ауруына шалдыққан. Біз оны кейін білдік. Қызды босанғаннан кейін ауруханаға тастап кеткен. Кейін жеңгемді ертіп барып, қызымды өзім алып келдім. Баланы баға алмаған соң әйелді төркініне қайтарып жіберген болатынбыз.
Шешем марқұм анасын баладан айырмаңдар деп келіншегімді қайтып алып келді. Сөйтіп жүргенімізде екінші балаға аяғы ауыр болып, ұл туды. Ұлымның денсаулығында кінәрат жоқ. Тек қыз туа бітті сал ауруына шалдыққан.
Сол кезде қатарлас екі баланы бағу әйеліме қиын болып кетті. Ауруы асқынып, балалар шошитын болды. Дәрігерлер науқас қызымды бір жылға "Үміт" сәбилер үйіне тапсыруды сұрады. Қызым бір жыл балалар үйінде жатып шықты. Әйелім ұлды да баға алмады. Ол кезде өзім ауылда мал бағып жүрдім. Келіншегіммен бір ажырасып, бір қосылып жүрген кезімізде ол тұрмысқа шығып кетті. 2011 жылдан бері екі баламды өзім қарап отырмын", - дейді Жаңабек Қуандықов.

Жалғызбасты әке Әйтеке би ауданының Аралтоғай ауылының тумасы. Ер адам науқас қызын емдету үшін 2018 жылдың тамызында қалаға көшіп келген. Жеке баспаналары жоқ. Туған ағасының бір бөлмесін паналап отыр. Әкесіне 6-шы сыныпта оқитын ұлы ғана көмектеседі.

Науқас қызын жалғыз өзі бағып отырған әке жұрттың жүрегін ауыртты (фото)
Жаңабек Қуандықов қызымен. Фото: отбасылық мұрағаттан: UGC
"Жұмысқа кірсем қызымды қарайтын адам болмай қалады. 13 жастағы қызым тек езіп берген тамақты ғана жей алады. Қызыма қарауға көмектессін деп үш-төрт рет келіншек те алдым. Басында аяп келгенімен, ауру баланы қарауды ауырсынып, бір-екі айдан кейін кетіп қалды. Ауру баламен баспанасыз қиын болып тұр. Мүмкін халық болып көмектесер", - дейді Жаңабек Қуандықов.

Жалғызбасты әке мүгедек баласымен баспана кезегіне 10 545-ші болып тұрған. Тұрғын үй жинақ банкі арқылы бір бөлмелі пәтер алуға да талпынған. Ауру қызын бағып, жұмыссыз отырған әкенің бұл қадамдарда жолы болмаған екен.

Қазір жұмыссыз отырған Жаңабек Қуандықов екі баласын 72 000 теңге жәрдемақымен бағып отыр.

Жалғызбасты әкеге көмек қолын созамын деушілер мына телефонға хабарласа алады.

8705 379 29 17 Жаңабек Қуандықов.

Карта нөмірі: 4189 7515 5339 3664.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1776005-naukas-kyzyn-zalgyz-zi-bagyp-otyrgan-ke-zrtty-zregin-auyrtty-foto/

pixel