Сұлтанов кездесуде шу шығарған жалғызбасты әкені ақыры қабылдады (фото)
Жарияланған күні:
Бүгін Астана қаласы әкімі Бақыт Сұлтановтың есептік кездесуінде шу шығарған жалғызбасты әкені қала басшысы қабылдаған. Рысмахан Айтбаев туа бітті сал ауруына шалдыққан Інжу есімді қызын 69 мың теңге жалақыға асырап жүргендігін айтып, әкімге жанайқайын жеткізген еді деп хабарлайды NUR.KZ.
Ер адам әкімдік өкілдері кішкентай қызын бөбектер үйіне өткізуді ұсынғанын айтқан.
"Алты ай болды әкімге кіре алмай жүргеніме. Әкімдіктегілер қызымды бөбектер үйіне өткіз дейді. Қалай өткіземін жалғыз қызымды? Үкіметке қарағанда еріктілер көп көмектеседі, шыны керек", - деп күйінді Рысмахан Айтбаев.
Шу шығарған жалғызбасты әкені әкімдік өкілдері Бақыт Сұлтановтың өзі қабылдайды деп залдан алып кеткен еді.
Сол уақытта Рысмахан Айтбаев тілшілермен тілдесіп үлгеріпті.
Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында ер адам Ақмола облысы Шортанды ауданында жұмыс істегенін айтан.
Ол сол жерде үй салмақ та болыпты. Айтуынша, үйді көтерген уақытта жанында қызы қоларбада отырған көрінеді. Себебі бүлдіршінді қарайтын ешкім болмаған.
"Анасы кетіп қалған, өзім бағып-қағып отырмын", - дейді жалғызбасты әке.
Астанада туған-туыстары жоқ болғандықтан, Рысмахан Айтбаев қызын жалғыз өзі тәрбиелеп келе жатыр екен. Қызының денсаулығында ақау болғандықтан, "оны үнемі емдетіп, қаратып жүру керек", - дейді азамат.
Бүгінде ашынған әке қызына берілетін 69 200 теңге көлеміндегі жәрдемақыға күн көріп отыр. Оның 55 мыңы ай сайын пәтерді жалға алуға кететін көрінеді.
"Бәрінен шаршап, қажыдым. Кейде өмірден түңіліп кететін күндерім болады. Бірақ қызым үшін өмір сүріп келемін, осы қызымды аяқтан тік тұрғызсам деймін", - дейді жалғызбасты әке.
Кейін белгілі болғандай, Бақыт Сұлтанов Рысмахан Айтбаевты қабылдаған екен.
Әкім жалғызбасты әке мен қызына жатақханадан бөлме беріледі деп сендірген. Сондай-ақ, ол құзырлы органдарға ер адамды жұмысқа орналастыру жағын және қызының денсаулығын тексерту жағын тапсырған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1779728-sltanov-kezdesude-su-sygargan-zalgyzbasty-keni-akyry-kabyldady-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.