Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда 9 шаршы метрде 8 баласымен тұрып жатқан отбасы жанайқайын айтты

Опубликовано:

Алматы қаласының тұрғыны Жанбековтар жанұясы 2014 жылдан бері сегіз баласымен ауданы 9 шаршы метрді құрайтын бөлмеде жан бағып отыр. Олардың балаларының үлкені 13 жаста болса, кішісі жеті айлық деп хабарлайды "Замана" басылымы.

Фото: "Замана" басылымы
Фото: "Замана" басылымы: Instagram

2005 жылдан бері пәтер жағалаған Айнұр мен Манаттың жағдайын көрген келіншектің ата-анасы жатақханадағы бір бөлмелі пәтерін беріпті. Ал өздері пәтер жалдап тұратын үлкен ұлының қолына кеткен.

Қазір отбасының он адамы көлемі 9 шаршы метрді құрайтын бөлмеде жан бағып отыр.

"Осы жалғыз бөлмеміз – әрі асхана, әрі жатын орын, әрі қонақ бөлме. Мұнда тамақ пісіреміз, ұйықтаймыз, тамақтанамыз, балаларым сабақ оқиды. Үйіміз өте тар. Киім ілетін шкафымыз да, көрпе-төсегіміз де, газ плитамыз бен тоңазытқышымыз да, қол жуғышымыз да бәрі-бәрі осы жерде тұр. Соның ортасында біздер қысылысып ұйықтаймыз. Әжетхана мен жуынатын бөлме сыртта бөлек болғанымен, барлық тұрғындар үшін ортақ қолданыста.
Балаларыма да қиын. Үл­кендерім үй тапсырмасын орындағанда кішкентайларымыз оларға кедергісін келтіріп жатады. Сол кезде кішкентайларымды әкелеріне қосып, далаға серуендеп келуге жіберемін.
Қыздарым ес біліп қалды ғой, киім ауыстырғанда әкесінен, ба­уырларынан қатты қысылады. "Мама, біздің қашан өз бөлмеміз болады?" деп жылайды. Менің қолымнан қазір ештеңе келмейді", - деп көзіне жас алды Айнұр.

Айнұрдың күйеуі Манат жүгері шығаратын зауытта жүк тасушы. Жалақысы - 50 мың теңге. Оны да бірнеше бөліп беретін көрінеді. Ал Айнұрдың өзі асханада жұмыс істейді. Алатыны - 45 мың теңге және мемлекеттен алатын 16 мың теңге жәрдемақысы бар. Дегенмен жаны қиналып тапқан жалақылары несиелерінен артылмайтын көрінеді.

Ерлі-зайыптылар 40 мың теңгеден, барлығы 80 мың теңгені құ­райтын қаржыны ай сайын банкке беріп отыр.

"Тапқанымыз несиеге кетеді. Жол­дасымдікін санамағанда өз басымда әлі 500 мың теңге берешегім бар. Осыдан құтылсам, несиеге жоламаспын деп қоямын. Жолдасым осыған дейін алты айдай жұмыссыз қалды. 40 мың теңге коммуналдық қызметке қарызымыз тағы бар", - дейді Айнұр сөз арасында.

Айнұр мен Манат жұмысқа кеткен кезде балаларға Айнұрдың 60 жастағы әкесі қарап қалады екен.

"Сол кісі болмағанда мен жұмыс­қа шыға алмас едім. Аптаның бес күнінде әкем таңертең ертемен үйге келеді, қас қарая қайтады. Ал анам жұмыс істейтін болғандықтан қолы босамайды. Өзім таңғы 7:30-да үйден шығып, кешке 18:00-ден өте ораламын. Жеті айлық балам күндіз қосымша сүт ішеді. Кешке келіп еміземін. Соның бәрін әкем өзі жасайды. Баланың тамағын береді, жөргегін ауыстырады.
Сегіз балаға қарап, қуық­тай жерде отыру кімге оңай дейсіз? Шаршайды. Кішкентайым қырқынан шыға сала жұмысқа шығып кетуге мәжбүр болдым. Себебі несиені төлеу керек. Несие төлейтін уақыт та жақын қалды", - деп мұңаяды Айнұр.   

Күнделікті нанның өзін қарызға алатын отбасы қазіргі мәселесі үй мен несие екенін ашып айтты.   

"Біздің басты мәселеміз - баспана мен несие ғой. Сол жағынан көмек болса екен дейміз. Жәрдем етіп, сол мәселемізді шешіп беретін жандар болса, өмір бойы тілеуін тілеп өтер едім", - дейді Айнұр.

Көмек қолын созам деген жандар үшін Айнұр Жанбекованың байланыс нөмірі: 8-707-537-19-84.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1785885-almatyda-9-sarsy-metrde-8-balasymen-tryp-zatkan-otbasy-zanajkajyn-ajtty/

pixel