Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Екі қолы мен бір аяғы жоқ жарымжан жігіт өзін тастап кеткен анасын қалай кешірді?

Жарияланған күні:

Нышанбай Оңғарбай дүниеге келген күннен бастап тірі жетім болған. Ерлі-зайыптылар перзентінен сал болып туылғандықтан бас тартып, оны балалар үйіне өткізіп жіберіпті. Ата-ана қамқорлығын көрмей, тағдыр тауқыметін тартып келген жарымжан жігіт өз жанайқайын жеткізді деп жазады "Астарлы ақиқат" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Фото: видеодан кадр/КТК
Фото: видеодан кадр/КТК: Facebook

Бір аяғы жоқ Нышанбай Оңғарбай бүгінде бірінші топтағы мүгедектер қатарында.

Отбасының мейіріміне зәру болып өскен жігіттің басында болмаса бір бөлмелі үйі, аяғында жөні түзу протезі жоқ. Қазіргі таңда ол Шымкент қаласында жалғыз өзі пәтер жалдап тұруға мәжбүр.

Анықталғандай, Нышанбайдың бір аяғы екіншісінен анағұрлым қысқа. Ол тек протезбен жүре алады. Алайда, қолы болмағандықтан, оны киіп-шешудің өзі қиынға соғады.

Жарымжан жігіт Түркістан облысы, Төлеби ауданы, №7 «Тасарық» балалар үйінің түлегі. Бухгалтер мамандығы бойынша орта арнаулы білімі де бар.

Нышанбайдың тәрбиешілері оның бала кезден өте алғыр, өжет, іске епті болғанын айтты.

"Бала кезде өте белсенді, өнерге жақын болатын. Ән айтатын. Бір аяғымен секіріп болса да, билейтін, өзгелерге үйрететін", - деді Әбдіғали Өтебаев.

Нышанбайдың өзін бала күнінде тастап кеткен ата-анасына еш өкпесі жоқ, кешіріп те үлгерген. Анықталғандай, олар сал болып туылған баладан бас тартуға мәжбүр болған.

Әкесі Мәлік Сыдықбаев бірнеше жыл бұрын өмірден өткен, ал анасы Күлжан Бодановамен ол 10 жасында алғаш рет кездескен:

"Ата-анамды кешірдім. Әкем өмірден өтерде мені не үшін тастап кеткенін түсіндірді. Бәріне кінәлі туыстары... Мүгедек болып туылған соң туыстар қабылдамапты: «Балалар үйіне өткіз, әйтпесе, ажырасасыңдар!» - депті. Ал анаммен, басқа бауырларымды Қызылордаға өзім іздеп бардым. Бірақ 1-2 күннен соң олармен өмір сүре алмайтынымды түсіндім" ,- деді Нышанбай.

Баласы мен анасының кездесуі ол ойлағандай сәтті аяқталмаған.

Нышанбайдың анасына деген әлі де реніші бар көрінеді. Жарымжан жігіт оған бірнеше мәрте қоңырау шалып, көңілі қалғанын жеткізді.

"Ананың балаға деген сағынышы жүректе ғой. Бірнеше рет үйге шақырдым. Туыстарымды жиып тамақ бердім. Бірақ балам тәрбиеме көнбеді. Ал қоңырауына жауап бермеген себебім, бірде үйде күйеуіммен бірге жатсам, телефон шырылдады.

Көтердім. Қасымдағы күйеуім: «Ол кім?» деп сұрап еді, бұл: «Мен сенің ойнасыңмын!» - деді. Сөйтсем өзімнің балам екен. Содан кейін күйеуіммен арамыз суып кетті.

Бұл баламды тастаймын деген ойым болған жоқ, енем: «Мүгедек бала тудың, баланы балалар үйіне тастап кет!», - деді енем.

Күйеуім екеуміз жылап жүріп 20 күннен соң баланы амал жоқ сәбилер үйіне апардық.

"Соңғы рет емізгенім әлі есімде, жүрегім ауырып, әрең қалдырдым. Содан бірнеше жылдан кейін күйеуіммен ажырасып кеттім. Баламды алуға ата-анамды ертіп барып едім, таппадым.

Екінші рет тұрмыс құрдым. Одан үш балам бар. Барлық балаларымның дені сау. Неге Нышанбайдың сал болып туылғанын түсінбедім.

Жүкті кезімде күйеуім екеуміз сауда жасадық, сабын саттық. Ауыр сөмкені арқалап жүрдім" , - деді Күлжан Боданова.

Бала жүрегі бірден жіби қоймағанымен бағдарлама соңында Нышанбай анасын кешірді. Мұнымен қуанышты жаңалықтар біткен жоқ.

Шымкент қалалық әкімдігі Нышанбайдың бірнеше жыл бойы ауыстырылмаған протезін бір аптаның көлемінде жаңартуға сөз берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1791778-eki-koly-men-bir-aagy-zok-zarymzan-zigit-zin-tastap-ketken-anasyn-kalaj-kesirdi/