"10 млн теңгеге дейін": Шымкентте ұлан-асыр той жасауға қанша қаражат кетеді?
Жарияланған күні:
Бүгінде несие алып, бірнеше банкпен "достасса" да, қуанышын атап өткісі келетіндер көп-ақ. Ал қымбатшылықтың құрығынан құтыла алмайтын мына заманда дүбірлетіп той жасау қанша қаржыны қажет етеді? Думанды кешті ұйымдастыру Шымкентте қаншалықты қымбат? Бұл сұраққа "Замана" басылымы жауап береді.
Шымкенттегі беделді той ұйымдастыру орталығының продюсері Гүлбану Байтемірова той өткізу 100 мың теңгеден 10 млн теңгеге дейін жалғасатынын айтады.
"Тойхананы жалға алу ақысы мен той дастарханын қоспағандағы бағаны айтайын. Мәселен, қарапайым тойлар 100-200 мың теңгенің жобасында болады. Орта деңгейдегілері 200-400 мың теңгенің аралығын қамтиды. Ал қымбат тойлар 500 мыңнан 10 млн теңгеге дейін кете береді", - дейді ол.
Сондай-ақ, той ұйымдастырушы асаба мен өнерпаздар қызметінің бағасына да тоқталды.
"Шымкент қаласындағы асабаларға той жүргізіп бергені үшін 20 мың теңгеден 1000 долларға дейін ақы төлейсіз. Егер асабалыққа әртістер, әзілкештер, актерлар, жалпы, танымал адамдар шақырылатын болса, 1000 -15 мың доллар аралығындағы сомада ақша бересіз. Бишілерге келер болсақ, олар Шымкент қаласынан болса, 25 мың теңгеден бастап 1000 долларға дейін ақы сұрайды. Ал Алматыдан немесе Өзбекстаннан кәсіби бишілер шақырылса, онда олар 1000- 3000 доллар аралығында қызмет құнын алады.
Қарапайым жеке әншілерге тойда бастан-аяқ ән айтқаны үшін 10 мың теңге, ал дуэттерге, триоларға, квинтеттерге деңгейлеріне қарай 30 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін төленеді. Фото-видео операторлар 10-20 мың теңге шамасында ақы алады. Тойға арналған бейнероликтер құны кететін шығынына байланысты 30 мың мен 150 мың теңгенің аралығын қамтиды. Бұл үшін жастарды қаланың көрікті жерлеріне апарып, арнайы түсірілім жасалады", - деді ол.
Одан бөлек, Байтемірова той дастарханына кететін қаржыны да мәлімдеді.
"Той дастарханына келер болсақ, әр тойхананың белгіленген бағасы бар. Шымқаланың тойханаларында азық-түліктің кей түрлерін үйден әкелген жағдайда адам басына 2000-нан бастап 7000 теңге аралығында қаржы жұмсалады. Ал егер еті де, сусыны да, жеміс-жидегі де барлығы тойхананың есебінен болатын болса, адам басына 10-15 мың теңге төленеді", - деді ұйымдастырушы.
Гүлбану ханым Шымкент қаласының тойларына ең көп шақырылатын жұлдыздарға да тоқтаталды. Олардың қатарында: Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, Нұрболат Абдуллин, Ғазизхан Шекербеков, Серікбол Сайлаубек, Серік Ибрагимов сынды әншілер бар.
Ал қыз ұзатуға Жанболат пен Жазираны, Салтанат Бақаеваны, Альбина Шардарованы көп шақыртады екен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1792345-10-mln-tegege-dejin-symkentte-lan-asyr-toj-zasauga-kansa-karazat-ketedi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.