Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алпыстан асқан ақтөбелік тұрғын Сирияда өмірге келген екі немересімен қауышты

Опубликовано:

Ақтөбелік тұрғын кешегі Рамазан айында "Жусан" операциясымен елге жеткен екі немересімен қауышқан. Сирия жерінде өмірге келген бүлдіршіндердің үлкені 3-ке келсе, кішісі бір жасқа да толмаған. Оқ пен оттың арасында туылған сәбилер адам көрсе шошынып жылайды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Фото: politikus.ru
Фото: politikus.ru: Facebook
"Қайтейін, немерелеріме қарап жаным ауырады. Бұлар атыс болып жатқан далада өмірге келді, туа сала соғыстың дәмін сезді. Айтсам жүрегім қан жылайды. Олар шоколад бергенде емес, адамдардың көзінен тасалап, оңаша жерге барғанда жылауын тоқтатады. Туа сала бейбіт өмірді, тыныштықты армандаған осылар",- деді Мәриям апа.

Алпыстан асқан кейуана балаларының болашағы үшін атын жасырын қалдыруды сұрады.

"Ертең немерелеріме біреудің саусағын шошайтып, табалағанын қаламаймын. Олар әке-шешелерінің қателіктерінен зардап шеккендер. Атыс-шабыстан жүректері шайлыққан немерелерім қазір адамдардың арасына шығуға қорқады... Ұлымның Сирия асып кететіні үш ұйықтасам да түсіме кірмес еді. Бішкектен зат тасып, сауда жасап жүрген балам дінге кіріп кетті. 2013 жылы Сирияға кетерінің алдында мені ертіп, үлкен қажылық жасады. Мекке қаласында бір ай болдық. Балам келгеннен кейін намаз оқитын қызға үйленді. Тым жақсы қолымда тұрып жатқан",-деді кейуана.

Ақтөбелік тұрғын баласының қай жерде қателескенін түсіне алмағанын жеткізді.

Сириядан екі немересі мен келіні аман оралған ана қатты қуанып жүргенін жасырмады. Ол соғыс даласында қалған ұлынан хабар жоқ екенін де алға тартты.

"2013 жылдың аяғы болатын. Балам мен келінім үйден шыққанда "бір жерге қонаққа барамыз" деп кетті. Кейін "Түркияда демалып жүрміз" деген суреттерін салды. Жаман ойлаған жоқпын. Ұзақ уақыт хабарсыз кетіп, балам байланысқа шықты: "Анашым, кешір, мен қазір елден өтіп кеттім. Сирияда жүрмін, мені кешірші, тірі болсам хабарымды беремін" дегенде денем мұздап қоя берді. Тіпті, көшеде ұры адамдардай жүретін болдым. Ол – менің балам, амандығын тіледім.
Мен бұрын телефон да ұстамайтын едім. Осы балаларыммен байланысқа шығу үшін Whatsapp арқылы сөйлесуді үйрендім. Себебі тек Whatsapp арқылы хабарласып, амандығын айтады. Балам ол жақта бірнеше рет түрмеге түскен. Соғыс даласынан алыс лагерьге тек келін мен балаларды шығарып жіберген. Өзі қаша алмаған. Оның өлі не тірісін білмеймін",-деді анасы.

Мәриям апа баласынан екі рет "ұлды бодым" деген хабар алғанын айтты.

Қуанышы қорқынышына ұласқан ана күні-түні балаларымен аман қауышуды тілей бергенін тілге тиек етті.

"Олар бірнеше рет қайтуға оқталғанымен шекарадан шыға алмаған. Қару кезенгендер оларды тыпырлатпай ұстапты. "Мемлекет Сирияға кеткендерді алып келеді" дегенді естігенде қуанғанымызды көрсеңіз! Балалары, туыстары Сирияға кеткендерге Whatsapp-тан группа ашылды. Қатарымыз аз емес екен. Бәрінің де сырты бүтін, іші түтін. "Әкелу басталды" дегеннен-ақ "балаларымыз келе ала ма, Қазақстан әскерінің қолына жете ме?" деп жанымызды шүберекке түйіп отырдық.
Бізге мемлекет Рамазан айында үлкен сыйлық жасады. Бұлардың барлығы сауапты іс. Немерелеріммен осы қасиетті айда қауыштым. Олардың түбі қазақ, қаны қазақ. Тек адасқандар. Бұлар "бәлен жерде пақыр бар, барсаң тақыр да жоқтың" керін кигендер. Бірінші Аллаға, екінші мемлекетке алғысым шексіз. Осы операцияны бастаған Елбасының алдында басымды июге дайынмын. Міне, көреген саясаттың көрінісі осы",-деді кейуана көзінің жасын сүртіп.

Жылап отырып, баласы үшін елден кешірім сұраған қария билік өкілдеріне, күш құрылымдарына қайта-қайта алғысын айтты.

"Ақтау қаласындағы бейімдеу орталығының қызметіне, дәрігерлерге алғыс айтамын. "Жусан" операциясының ролигін көргенде жылап жібердім. Оны жыламай қарау мүмкін емес. Әскерилердің өзі балаларды бауырына басып көтеріп жүр. Аш-жалаңаш елге жеткен бүлдіршіндердің қаншамасы жетім келді. Олар солай болады деп ойлады ма?! Осы жақтан "Жұмаққа барамыз" деп безіп кеткен жоқ па еді?! Соңында зардабын балалары тартып жатыр. Келінім қазір "біздің ел артық қой, мама, бақыт деген тыныштық екен" деп әңгіме айтады. Бұл тек жай сөздер емес, біздің балаларымыздың тағдыры. Алғыс айтқанымды ұмытпай жазшы",-деп қоштасты Мариям апа.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1801452-alpystan-askan-aktbelik-trgyn-siriada-mirge-kelgen-eki-nemeresimen-kauysty/

pixel