40 градус ыстықта су таппай сенделген ақтөбеліктер жаңа әкімге талап қойды
Жарияланған күні:
Ақтөбе қаласының іргесінде орналасқан "Ақжар-2" ауылының тұрғындары инфрақұрылым жетістігін көре алмай зар илеп отыр. Шіліңгір шілденің ыстығы жақындағанда қара суға зар болған тұрғындар жаңадан тағайындалған әкімге талап қойды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Тұрғындар қала әкімінен мәселені ұзартпай шешіп беруді сұрады.
"Біз далада қалған ауылдаймыз. Шыны керек сол. Өткен жылы ауылымызға жолдың, жарықтың басшылары келіп "бәрін қарқ қыламыз" деп кетті. Бәрі өтірік. Халық жарықты өз азқашаларына тартып қондырып жатыр. Аулымызда автобус мәселесі де бірнеше жылдан бері жыр болып тұр.
2011 жылдан бері халық ауыз су зардабын тартып отыр. Өткен жылы ашынған халық жолды жауып, жол бойына жатып алуға дейін барды. Сол күні ертесіне үйден су ақты. Сонда бұлар бәрін қолдан жасап отыр ма? Үйде кірімізді сөмкелеп жинап қоямыз. Оны жуатын су жоқ. Халық неге жылда жылап су сұрай керек? Неге осы мәселе шешілмейді? Су тапшылығының зардабын тартқан халықты аяйтын адам бар ма?", - деді тұрғын Ағайна Жолдаева.
Сегіз жылдан бері ауыз су мәселесін көтеріп келе жатқан халық шыдамның да шегі барын айтып шулады.
"Қаладан бөтелкелеп су тасып күн көріп отырмыз. Жағдайымыз қиын. Менің үйіме 20 күннен бері су келген жоқ. Күніне 25 литр су тасимыз. Біздің бар жұмысымыз су тасу болып отыр. Шыдамның да шегіне жетіп отырмыз", - дейді ауыл тұрғыны Ербол Тілеумағанбетов.
Халықтың бір жапырақ арызын алып кеткен қала әкімі бәрін шешіп беруді уәде етті кетті.
"Бүгінгі күні зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Судың келуі жеткіліксіз болғанда қосымша насос қондыру мәселесі қаралатын болады. Өткен жылы төрт насостың екеуі жаңартылған болатын. Төрт ұңғыма бір мезгілде жұмыс жасап тұр. Автобус, жарық, су, қоқыс мәселесі көтеріліп жатыр. Су мәселесінің көтеріліп жатқаны бірінші күн емес. Жауапты мекеме ертеңге дейін жер асты су қорларын анықтайды.
Қазір төрт ұңғыма жұмыс жасайды. Әрқайсысы 25 кубтан беріп тұр. Қосымша насостарды ауыстыру керек болса қажеттілігі қаралады. Мәселені шешуге жұмыс жасап жатырмыз. Кемшіліктердің барлығын қалыпқа келтіреміз. Жарыққа қатысты, "мен қазір уәде бердім, таңертең жанып тұрады" деген сөз емес. Бұл жұмыстар қаражатты, құжатты талап етеді", - деді қала әкімі Мавр Абдуллин.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1801542-40-grudus-ystykta-su-tappaj-sendelgen-aktbelikter-zaa-kimge-talap-kojdy/