Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Күйеуі үш балалы әйелге дуаланып қалған келіншек жан сырын ақтарды

Опубликовано:

Бір жыл бұрын тұрмыc құрған келіншек бүгінде қалың ойдың шырмауына іліккен. Жақында ғана кішкентай нәрестенің анасы атанған ол күйеуінен тірідей айырылып отыр. Жанұясы деп жанын беруге әзір тұрған жұбайы бүгінде басқа әйелдің жетегінде кеткен. Сорақысы, үш баласы бар келіншек жас жігітті дуалап алған екен деп жазады "Алаш айнасы".

Көрнекі фото: v-v.su
Көрнекі фото: v-v.su: Facebook

"Тұрмысқа шыққан соң бір айдан кейін аяғым ауыр екенін білдім" деп бастады әңгімесін келіншек.

"Екеуіміз тіл табысып, жақсы күліп-ойнап жүретінбіз. Күйеуім көп сөйлемейтін, үндемейтін адам болатын. Күзде сабағымыз басталды. Ол да, мен де 4 курста университетте оқитынбыз. Күйеуім екеуміздің сабағымыз түске дейін болатын, содан кейін мен өз жұмысыма кететінмін. Ал күйеуім досымның үйінде боламын дейтін. Мен соған сеніп қала беріппін. Сөйтсем, күйеуім өзінен алты жас үлкен, үш баласы бар əйелмен жүрген екен", - деді ол.

Біраз уақыттан соң босанып, дүниеге қыз баланы әкелген әйел бақыттың бал күндері тез аяқталып қалғанын айтады.

"Күйеуіме хабарласып шақырдым, мені перзентханадан шығарып үйге əкелді. Содан кейін көп ұзамай аяқ астынан "мен бұл үйде тұрмаймын, мен сені жақсы көрмеймін", мама-папасына "мен сендердің балаларың емеспін" деп кетіп қалды. Мен жаңадан босанып келгенмін, тіпті не істерімді білмей қалдым", - дейді шерін тарқатқан келіншек.

Киімдерін жинап, күтпеген жерден жанұясын тастап кеткен азамат біраз күннен кейін өзінен алты жас үлкен әйел арқылы табылған.

"Сөйтсек, күйеуім сол əйелдің балаларын қарап үйінде отыр екен, ал ол əйел болса өзі жұмыста. Ата-енем күйеуімді қол аяғын байлап, үйге əкелді, күйеуім болса үйге келіп мен кетем, кетпесем, мені жібермесеңдер үйді өртеп кетемін деді. Мынаның басын оқытқызып алған деп күйеуімді әке-шешем бір емшіге апарды. Сонда емші мұны жіберіңдер, жібермесеңдер бұл біреулеріңе қол жұмсайды, көзі еш нəрсені көрмейді деп айтты. Ана əйел басын дуалап тастаған, ол əйел өзі оқыған яғни қара магиямен айналысады деп айтыпты.
Содан талай емшілерге барды, бəрі басында емдеп береміз дейді, ең соңында келгенде күшіміз жетпейді дейді", - деген әйел бүгінде жұбайының кеткеніне 4-5 ай болғанын айтты.

Өзін сиқырлап алған әйелдің балаларын қарап жүрген азамат туған қызының жағдайын да білмейді екен. Мүлдем байланыссыз кеткен ол төрт жыл бойы күні-түні оқыған оқуын да аяқтамапты.

"Мен "емделіп үйге келетін шығар" деп өз ата-анама айтпаған болатынмын. Ана əйелге талай рет ата-енем хабарласып та айтты, ұрысты да, "мен ешнəрсе білмеймін, мен жасайтынымды жасап алдым" деп телефонды қоя салады. Енді ол əйел "ажырас" деп жатқан сияқты. Осыдан бір апта бұрын күйеуім хабарласып, "сенімен ажырасамын, алимент төлеймін, құжаттарды əкел" деп хабарласты. Мен оған "ойланшы, ажырасу оңай ма, сені ана əйел оқытқызып алған" десем, оны ұғып тұрған жоқ.
Түрінен түр жоқ, үсті кір-кір болып жүр. Содан екеуміз де ажырасуға арыз жазып, өткізіп қойдық. Мен мамама, аға-əпкеме бар жағдайды айттым. Үйге келіп, сөйлесіп "мен бұл үйде тұрмаймын, кетемін" дедім. Тəтем "енді мына қызға көмектесіңдер, баласымен квартираға шығарыңдар, ең болмаса бір жыл бала жасқа толғанша жәрдем беріңдер. Күйеуінен пайда да жоқ не жұмыс істемесе алиментті қалай төлейді" деп айтты", - деп түйіндеді ол әңгімесін.

Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, ай-күннің аманында күйеуінен айырылған әйел қиыншылыққа төтеп бере алатынына сенеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1801868-kjeui-s-balaly-jelge-dualanyp-kalgan-kelinsek-zan-syryn-aktardy/

pixel