Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Арслан Даримов: Жақсы нәтиже тәжірибе мен уақытты қажет етеді

Жарияланған күні:

Қазір елімізде цифрландыру процесі барлық салада қарқынды жүріп жатыр. Соның ішінде жетекші саланың бірі – білім саласын жетілдірудің маңызы зор. Бұл сала да жаңа технологиялардың жетістігін тиімді пайдаланып, онлайн платформалар жасалып, цифрландырудың озық тәжірибелерін игеру кезеңінде. Осы ретте, онлайн платформа құрып, ағылшын тілі мектебін ашқан жас кәсіпкер, ағылшын тілі мектебінің негізін қалаушы Арслан Даримовпен сұхбаттасқан едік.

Арслан Даримов
Арслан Даримов: Instagram

- Арслан, қайырлы күн! Сұхбатымызды қазіргі жобаларыңыз жөнінде бастасақ...

- Біз қазір екі жоба бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Біріншісі – «Rocket study» ағылшын тілі мектебі. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы және Омск қалаларында 12 білім беру орталығы ашылған. Біз барлық мектептеріміз үшін ІТ платформа жасадық. Қазір ағылшын тілінен 50 білікті маман сабақ береді. Сонымен бірге «iQanat» бағдарламасы бойынша 7000-ға жуық студент онлайн оқудан өтті. Сайт арқылы тіркелуге, сабақ кестесін құруға және IELTS-ке дайындық барысында сынақ тестілерін тапсыруға болады.

Ал екінші жоба – «Atameken academy» онлайн платформасы. Бұл жобаны осы жылдың 5 маусымында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынысымен қолға алдық. Қазіргі кезде платформаға 2500 адам тіркелген. Бұл – бизнеске енді қадам басқан жастар мен кәсіпкерлерге арналған білім беру жобасы.

- Бұл жобалардың ерекшелігі қандай?

- Біз жобаларды қолға алар кезде сұранысқа мән береміз. Себебі, сұраныс жоқ жерде нәтиже жоқ. Алғашқы онлайн платформа – білім беру жұмыстарын автоматтандыруға, офлайн мектептерді жандандыруға арналған. Жалпы, жаңа платорма бізге студенттерді бақылауда ұстауға, оқу бағдарламаларын дайындауға, оқу ақыларын қарауға, мұғалімдердің және студенттердің сабаққа қатысуын тексеруге мүмкіндік береді.

Ал «Atameken academy» жобасы тек білім беріп қана қоймай, пайдаланушылар арасында қарым-қатынас жасап, тәжірибе алмасып, түрлі салада қызығушылық тудыратын сұрақтарға жауап іздейтін онлайн кәсіпкерлер қауымдастығын қалыптастырады. Ол жерде бизнес, өзін-өзі дамыту, бизнес-сөздік, бизнес-кейстер, бизнеске кіріспе, жарнама және маркетинг, әлеуметтік желілер, сонымен қатар мотивациялық бейнелер, жеке жұмыстар мен мастер-кластарды да қарауға мүмкіндік бар. Оған тіркелу ашық, яғни кәсіпке қызығушылық танытқан кез келген адам тіркеле алады.

Арслан Даримов
Арслан Даримов: Instagram

- Өз жобаңызды білім саласынан, ағылшын тілін оқытудан бастауыңызға не себеп болды?

- Менің ойымша, адам кез келген нәрсеге қадам жасамас бұрын өз қабілетін бағамдап, ой елегінен өткізу керек. Мен де осы тұста өз икемділігіме қарай жұмыс жасадым. 7 сыныптан ағылшын тілін үйрене бастадым, 3-4 жыл көлемінде Түркиядағы ағылшын мектебінде оқыдым, IELTS-қа дайындалдым. Осы кезде ағылшын тілі әлем халықтарын біріктіретін тілдер қатарында ғана емес, заманауи жаңа технологиялар тілі екенін түсіне бастадым. Сондықтан, ағылшын тілі мектебімізде ІТ платформа құрып, қызметімізді цифрландыру да – заман талабы. Себебі, қазір дәстүрлі түрде қағазға тіркеп, қолма қол төлем қабылдап немесе журнал қолданатын уақыт емес. Қазір бұл қызметтердің бәрі цифрландыру арқылы, яғни ІТ платформада жүзеге асырылады.

- Алғашқы кәсібіңізді 17 жаста бастаған екенсіз. Табысқа жету жолыңызды қалай сипаттар едіңіз?

- Мен өзімді табысқа жеттім деп айта алмаймын. Мүмкін, өз тәжірибемнен мысал айтқаным дұрыс шығар. Көп адамдағы бір қателік – қысқа уақытта үлкен нәтиже күту. Бұл – дұрыс емес. Мен кәсіп бастамас бұрын тегін жұмыстар жасап, шараларда белсенділер, еріктілер қатарында болдым. Түйгенім – жақсы нәтиже үшін тәжірибе мен уақыт керек. Сонымен бірге, кәсіпті бастамас бұрын өз қызығушылығын анықтап алғаны дұрыс. Сонда нәтиже болады. Ал, табыс үшін сол салаға деген қызығушылық, уақыт, тәжірибе маңызды екені сөзсіз.

Арслан Даримов
Арслан Даримов: Instagram

- Кәсіп бастауға ниетті замандастарыңызға қандай ой қосар едіңіз?

- Жоғарыда айтқандай, қызығушылығы мен қабілетін нақтылап алған дұрыс. Жалпы, адам өз кәсібімен, яғни қызығушылығымен «ауыруы» керек. Жұмысына табыс көзі деп емес, әркез ойында болатын, өзіндік рахат-қуанышы бар сүйікті іс ретінде қарауы қажет. Сондай-ақ ең маңыздысы – кәсіпті бастамас бұрын қоғамның сұранысына анализ жасау керек. Цифрландыру үдерісі бізді жедел қызмет алу, электронды байланыстар мен онлайн сервиске үйретіп жатыр. ІТ және онлайн платформа да осы қызметтер қатарында. Біз жобаны таңдамас бұрын нарықты бағамдап, нәтижелі және сапалы дүние жасауға тырысамыз. Сол себепті ертеңгі күн нәтижесіз болмас үшін бүгінгі күннің сұранысын қанағаттандыру керек деп ойлаймын. Сонда табыс та, жетістік те, нәтиже де болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1813838-arslan-darimov-zaksy-ntize-tziribe-men-uakytty-kazet-etedi/