Сәбидің ұрлануы мен өліміне қатысты іс: Күдікті жігіт ғашығының туысын өлтірген
Жарияланған күні:
Қарағанды облысында өз ғашығының үш жасар ұлын ұрлап кетіп, өлтірді деген күдікке ілінген Игентай Сопыжанов, белгілі болғандай, осыдан төрт жыл бұрын сүйіктісінің туған әпкесін өлтірген деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Марқұм сәбидің анасы мен күдікті Сопыжанов 2014 жылы кездесіп жүрген. Шет ауданы Бұрма ауылының тұрғындарының айтуынша, туыстары екеуінің қарым-қатынасына қарсы болыпты.
Ол кезде Игентай 19 жаста болған. Жас жігіт қыздың туыстарының ризашылығын ала алмаған соң қылмыстық әрекетке барып – оның туған әпкесін өлтірген.
Сопыжанов әйел адамды аңдып отырып, ол үйінен шығып ауласынла шаруамен айналысып жүрген жерінде балтамен шабуыл жасаған.
Сол күні оны Шет аудандық полиция қызметкерлері ұстап алып, Қарағанды облыстық арнайы мамандандырылған ауданаралық соты 9 жылға бас бостандығынан шектеу туралы үкім шығарған.
Ол өзінің жасына, бұрын сотты болмауына, жағымды сипаттамаларына және шын жүректен жасаған әрекетіне өкінуіне байланысты біршама жеңіл жаза алыпты.
«Ол баланың анасының туысын өлтірген. Бірақ бар болғаны 4 жыл абақтыда отырып шықты. Ақпан айында ол мерзімінен бұрын босатылды. Баланың анасы мен Игентай Сопыжановтың арасында тығыз қарым-қатынас болған», - дейді полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.
Сопыжанов ақпанда бостандыққа шыға салысымен бұрынғы ғашығына қайта хабарласқан. Бойжеткен 4 жыл ішінде өзге ер адамнан балалы болыпты. Экс-сүйіктісі босап шыққанда оның баласы үш жасқа келген.
«Қайғылы оқиғаға дейін Игентай мен баланың анасы бірнеше күн бірге уақыт өткізіпті. Ал олар үйлеріне қайтқанда 22 жастағы келіншектің анасы жағдайды түсіндіруді сұраған.
Ал сәбидің анасы болса Игентай өзін ұрлап кетіп, бір жерде күшпен ұстағандай жауап беріпті. Содан соң олар тіпті бірге полицияға барып, арызданған.
Бірақ Игентай 5 қыркүйек күні құрбысына жолығып, шағымын қайтып алуды талап етеді. Күдікті баланың анасын ұрламағанын, оның өз келісімімен бірге болғанын алға тартқан.
Алайда бұл оқиғада кімнің өтірік айтқанын тергеу көрсетеді», -дейді ауыл тұрғындары.
Куәгерлердің сөзінше, дүкенде арызды қайтып алу және татуласы жөнінде қозғалған әңгіменің соңы жанжалмен аяқталған.
Ашуға булыққан жігіт ғашығының қолынан баласы Максимді жұлып алып, қаша жөнеліпті. Ал бүлдіршіннің анасы полицияға қайта арыз жазып, баласын ұрлап кеткенін айтады.
«Алдымен сәбиді учаскелік инспектор мен жергілікті полицейлер іздеген. Өйткені оқиға орнына жету үшін облыстық полиция департаменті қызметкерлеріне бір жарым сағат уақыт керек болды.
Яғни, алдымен іздеу жұмыстарына 200 адам, содан соң бірнеше сағаттан кейін іздеушілер саны 600-ге: полиция қызметкері, сарбаздар мен еріктілерге жетті», - деп мәлімдеді Ерлан Файзуллин.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін Қарағанды облысында осыдан бірнеше күн бұрын анасының қолынан ұрланған үш жасар сәбидің мәйіті табылғаны туралы хабарлаған едік.
5 қыркүйек күні ер адам дүкеннің жанында тұрған 22 жастағы танысының баласын қолынан жұлып алып кеткені белгілі болды.
Бүлдіршіннің ұрлануы мен өліміне байланысты өткен шұғыл брифингте Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы қылмысқа күдікті азаматқа республикалық іздеу жарияланғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, ауыр қылмыс жасаған Игентай Сопыжановты мерзімінен бұрын бостандыққа шығаруға қатысы бар деген күдікпен Қарағанды облысының Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Пробация қызметінің қызметкерлеріне қатысты тергеу басталды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1815207-sbidi-rlanuy-men-limine-katysty-is-kdikti-zigit-gasygyny-tuysyn-ltirgen/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.