29 жасқа дейінгі жастарға пәтер алу үшін қандай құжаттар тапсыру керек?
Жарияланған күні:
Қазақстанда жұмыс істейтін 29 жасқа дейінгі азаматтар сатып алу құқығынсыз 5 жылға жалдамалы баспана ала алады. Баспана алу үшін тапсырылатын құжаттардың толық тізімі жарияланды.
Жалдамалы баспана алуға үміткерлер Қазақстан Республикасының азаматтары болуы тиіс. Сонымен қатар, орта мектептің оқу бағдарламасын, (және/немесе) техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, (және/немесе) орта білімнен кейінгі, (және/немесе) жоғары оқу орны, (және/немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын меңгеріп, еңбек етіп жүрген жастар жалдамалы баспана алуға өтініш бере алады.
Жалдамалы баспана алуға өнініш берушілер төмендегі құжаттарды тапсыруы тиіс:
1) Ережеге сәйкес үлгідегі өтініш;
2) Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (түпнұсқасы жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);
3) Білімі туралы құжаттың көшірмесі;
4) Неке қию туралы құжаттың көшірмесі (бар болған жағдайда);
5) Балаларының тууы туралы куәліктің көшірмесі (бар болған жағдайда);
6) Өтініш берушіде және отбасының барлық мүшелерінде жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтама;
7) Жұмыс орнынан анықтама;
8) Өтініш берушінің айлық табысы 40 АЕК-тен кем емес екенін растайтын соңғы алты айдағы табысы туралы анықтама;
9) ҚР Еңбек кодексінің 35 бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжат;
10) Өтініш берушінің банк шотының болуы және оның нөмірі туралы анықтама, банк шоты бойынша ақшаның қалдығы мен айналымы туралы үзінді көшірмесі;
11) Өтініш берушінің түрлі қызмет саласындағы жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болған жағдайда);
12) Кемінде соңғы 2 жыл тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуде болуын растау;
13) Өтініш берушінің, оның жұбайының, кәмелетке толмаған балаларының меншік құқығындағы, 2 жыл ішінде сатып алу құқығымен жалдамалы баспанасының болмауын растау;
Жұмысбасты жастарға сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспана беру "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасында белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады. Ол үкіметтің 2018 жылғы 22 маусымдағы № 372 қаулысымен бекітілген.
Құжаттарды қабылдау 2019 жылдың қараша айынан бастап электронды форматта жүргізіледі.
Еске сала кетейік, аталмыш бағдарлама бойынша осы жылы Нұр-Сұлтанда - 1050 пәтер, Алматыда - 1050 пәтер, Шымкентте - 904 пәтер беріледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1815912-29-zaska-dejingi-zastarga-pter-alu-sin-kandaj-kzattar-tapsyru-kerek/