Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Маңғыстаулық жастар ұлттық киіммен фотосессия жасауды сәнге айналдырған

Опубликовано:

Маңғыстаулық қолөнер шебері Меңтай Қартбай өңірдегі жастардың неге қызығытанын баяндап берді. Айтуынша, батыс өңірінің жастары кейінгі жылдары ұлттық киіммен фотосессия жасауды сәнге айналдырып, ұзатылатын арулар шолпы тағып ұзатылатын болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: Instagram
Фото: Instagram: Instagram

- Меңтай қайырлы күн, алдымен өзіңізді қалың оқырмандарға таныстырып жіберсеңіз? Қай жақтан боласыз? Немен айналысасыз ?

Мен Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Маңғышлақ станциясында дүниеге келдім. Сонда өстім. Мамандығым инженер-технолог, Алматыда білім алдым. Өз мамандығым бойынша жұмыс істемедім, тек жастар орталығында маман болдым. Жолдасым да Маңғыстау облысының тумасы, есімі Төлеген, электрик болып жұмыс істейді. 2017 жылы сол азаматқа тұрмысқа шығып, сәби сүйдім. Аллаға шүкір.

- Шыны керек желіде қазақтың ұлттық сән бұйымдарын жасайтын шеберлігіңізді көріп, өзіңізден сұхбат алғымыз келді. Жалпы бұл өнерге қалай келдіңіз?

Қолөнерді 2015 жылдан бастап қолға ала бастадым. Алдымен өзіме бұйымдар жасадым, кейін ағайындарыма. Сосын сұраныс көбейе бастаған соң, осы декреттік демалысымда бизнес көзіне айналдырайын деп, шындап кірісіп, бастадым.

- Жақындарыңыз, туған-туыстарыңыздың арасында осылай өнерге жақын адамдар бар ма? Дәл осы өнеріңіз кімнен дарып тұр?

Анамның үш апасы да қолөнерге жақын. Бірі көрпе тігеді, екіншісі киіз-үй жабдықтарын тігеді. Анам да қолөнерге жақын болғанымен, өз мамандығы мұғалім болған соң, қолөнерден алшақтап кеткен.

- Әсіресе шашбауға деген сұраныс көп екенін байқадық. Сонда қазір қалыңдықтың көпшілігі ұзату тойына шашбау киетін болғаны ғой?

Маңғыстауда қазақ киімдері мен әшекейлеріне баса мән береді. Сондықтан қыздардың көпшілігі міндетті түрде шашбау тағып, қазақы киім киеді. Қазір ең сұранысқа ие бұйымдардың бірі – екіқабатты шашбау болып отыр.

- Оны жасауға қанша уақытыңыз кетеді?

Бір күн толығымен отырсам, бір комплект дайындай аламын. Бірақ басқа жұмыспен айналыспауым керек. Ал үйдің тіршілігімен араластырып істесем, екі-үш күнде бітіремін.

- Өзіңіз де бір үйдің үлгілі келіні боларсыз? Жалпы ене мен келін, қайын жұрттың келінмен деген қатынасы қандай болу керек деп ойлайсыз? Өзіңіз енеңізбен татусыз ба? Оның тілін қалай таптыңыз?

Енемнің тілін табатындай қиын адам емес, өте қарапайым адам. Сондықтан бірінші күннен бастап-ақ тез тіл табысып кеттік.

- Еліміздің солтүстігі мен оңтүстігінде келінге деген көзқарас әр түрлі. Сіз қалай ойлайсыз? таңертеңнен тұрып аула сыпырып, сәлем салған дұрыс па? Әлде солтүстіктегідей келінге қыздай қарау керек пе? Жеке пікіріңіз?

Шымкент жақтарда аула сыпыру бар дегенді естідік. Бірақ біздің отбасымызда ондай жоқ, мысалы бір жұмысты бітіру керек болса, бәріміз жабылып, бірге кірісеміз. Барлығы үй шаруасына көмектеседі. Менде тапсырыс көп болып, үй шаруасымен айналыса алмай қалған кезде, енем үй жинап та, барлығына көмектеседі. Сондықтан келін ретінде қандай да бір қиындық көрмедім.

- Болашақта осы кәсібіңізді жалғастыру ойыңыз бар ма?

Иә осы кәсіпті одан ары жалғастырғым келеді. Қазір қолөнерден бөлек, киім тігуді де бірге алып жүрсем екен деймін. Қазір Маңғыстауда фотосессияларда қазақи киімді кию үрдіске айналып бара жатыр. Оны да бастап, қосымша айналысып жатырмын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1819217-magystaulyk-zastar-lttyk-kiimmen-fotosessia-zasaudy-snge-ajnaldyrgan/

pixel