Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкеммен келістім": Үйінен ақша алмау үшін кәсіп ашқан жас бизнесмен туралы білесіз бе

Опубликовано:

Бүгінде өзінің кәсібін ашып, бизнеске қадам басып жатқан жаңашыл жастар күн санап көбеюде. Соның ішінде бас пайдасы емес, ел игілігі үшін үлкен жобалар жасап, жарқын болашаққа ұмтылып жатқандары да баршылық. Солардың бірі - Серікбай Бөгенбай Таласұлы. Оқушылар үшін қосымша білім алатын онлайн-мектеп ашқан жас кәсіпкердің KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

Қазығұрт тауының баурайында дүниеге келген жігіт дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында білім алған.

Математикадан түрлі халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегері атанған Бөгенбай еңбекке ерте жастан араласқанын айтады.

- Бизнеске келуіңізге кім немесе не себепші болды?

Бірінші себеп - әкем екеуміздің арамыздағы келісім. Астанаға барсам, "папа, сізден ақша сұрамаймын" деп айтқан едім. Солай жігіттік намысымды сынадым.

Әкем де арасында "ақша керек пе" деп сұрап тұратын. Бірақ, керек емес деп, үйдегілерден ақша алмау үшін қосымша сабақ беріп, табыс таба бастадым.

Осы салада жұмыс істей жүріп, жақсы оқу орталығын ашуға болады деген ой келді. Сөйтіп, жігіттермен бірге «НАР академиясын» аштық. Одан кейін бүкіл Қазақстанға қолжетімді жақсы жоба керек екен түсіндік. Сол ой осы "Daryn online" жобасын қолға алып, жаңа кәсіп бастауға алып келді.

Осы орайда, менімен келісім жасап, үлкен өмірге жауапкершілікпен қадам басуыма себепші болған әкеме алғысымды білдіргім келеді.

- Ендеше, аталмыш жобаңыз туралы қысқа-нұсқа айтып берсеңіз...

"Daryn online" жобасы республикамызда жастар ресурсын қашықтыққа және әлеуметтік жағдайына қарамай, қазақ тілінде сапалы білім және контентпен қамтамасыз ету мақсатын көздейді.

Қысқаша айтар болсақ, бұл - бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін мектеп бағдарламасына қосымша құрал ретінде пайдаланылатын, оқу орталықтары және репетиторларды белгілі бір деңгейде, тіпті толығымен алмастыруға болатын жоба.

- Жобаңызды-ды қолға алудағы басты мақсатыңыз не?

Бұған дейін бізде түрлі проблемалар болды. Астанада «НАР академия» орталығына тек қана 11 сыныптар қосымша білім алуға келетін.

7-8 сынып оқушыларының ата аналарынан балаларын бізге курсқа жіберулерін сұрасақ, олар қалталары көтермейтінін алға тартатын. Он ата ананың сегізі, тоғызы солай дейтін.

Алайда, балалардың тек қана 11 сыныпқа келгенде қосымша білім алуы дұрыс емес деп ойлаймын. Оқушылар жетінші, сегізінші сыныпты құр өткізбеуі керек. Ал, оқытайын десе, ата-аналардың қаржысы жетпейді.

Сол себепті, бізге альтернативті жоба керек екенін түсіндік. Барлығына қолжетімді (әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар үшін де - ред.) сапалы білім беретін ресурс керек болды. Сондықтан да осы жобаны жасап шықтық.

Басты ерекшелік - қысқа және нұсқа түсіндіреміз. Барлығы бес минуттан.

Екіншіден, мұғалімдерді сапалы іріктеуден өткіземіз, сондай-ақ бала өз алдына отырып онлайн түрде білім ала алады. Оған репетитор немесе оқу орталығы керек емес.

- Қолжетімділік туралы көп айтып өттіңіз. Оқудың нақты бағасы қанша?

Бір айға екі мың теңге. Осы жерде айта кететін жайт, тек қана қазақ тілінде оқытамыз.

- Оқытушыларды қандай критерийлер бойынша таңдайсыздар?

Әрбір сөзі есте қалатын нағыз педагогтар бар. Сондай кісілерді достарымыз бен таныстарымыздан сұрастыра жүріп табуға тырыстық. Бізбен бірге бұған дейін жұмыс істеп келген мұғалімдер де бар. Қысқасы, маман таңдауға немқұрайлы қарамадық.

- Енді, жеке өміріңізге тоқталсақ... Отбасы құруды қашанға жоспарлап отырсыз. Екінші жартыңызды таптыңыз ба?

Өзімді отбасылық өмірге толығымен дайынмын деп есептеймін. Екінші жартымды таптым. Шаңырақ көтеруді келесі жылға жоспарлап отырмын. Бұйырғанын көреміз, ең бастысы - ниет.

- Қазіргі қазақ жастарына деген көзқарасыңыз қалай? Олар болашаққа, білімге ұмтыла ма әлде мақсат-мүддесіз күн көріп жүр ме?

«Досыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтамын» деген сөз бар ғой.

Жанымдағы жастардың барлығы дерлік өте мықты, өздерінің нақты позициялары мен көзқарастары айқын, алға қойған мақсаттары бар, болашағынан үлкен үміт күттіретін азаматтар.

- Бизнес бастаймын деген адамға ең бірінше не керек: ақша немесе таныс?

Ақша да, таныс та керек емес. Ең бірінші кезекте - адамның қалауы маңызды. Екіншіден, ынтасы бар адам тәуекелге бел байлап, барлығын көру керек. Әрі қарай кітап оқу, іздену, зерттеу секілді өзінің алғышарттары бар.

- Ең алғашқы табысыңыз есіңізде ме? Оны қайда жұмсадыңыз?

Мектеп кезінде компьютерлік бағдарламаларды орнату арқылы алғашқы табысымды тапқанмын. Ол туралы ата-анам білмейтін.

Ақшаны үйдегі компьютердің процессорының ішіне қағазға орап, тығып қоятынмын. Өйткені, ол жер - біздің үйдегі ешкімнің қолы жетпейтін, ешкім аша алмайтын жер еді.

Қайда жұмсағаным есімде жоқ. Сол кездегі қажеттіліктеріме жұмсалып кеткен болар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1823560-kemmen-kelistim-jinen-aksa-sramau-sin-ksip-askan-zas-biznesmen-turaly-bilesiz-be/

pixel