Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Отандық медицинадағы скринингтік тексеру қызметтері жайлы не білесіз

Опубликовано:

Дені саудың – жаны сау. Өкінішке орай адамдар бұл сөздің мағынасын емханада дәрігерді кезекте отырып күткенде, шипасын береді-ау деген үмітпен дәрі-дәрмек сатып алған кезде ғана түсінеді.

Скринингтік тексеру және МӘМС жүйесі БАҚ-тағы мақала тақырыбына

Яғни, денсаулықтың қадірі туралы ауырып, мазасызданған күндері ғана ойланады. Осы салғырттықтың кесірі түрлі аурулардың пайда болуына себепші. Дәрігерлер уақытылы қойылған диагноз инсульт, инфаркт, онкологиялық және жұқпалы дерттердің алдын алуға көмектесетіндігін айтады.

Скрининг – аурудың алдын алуға мүмкіндік беретін медициналық тексеру шараларының кешені. Оның негізгі мақсаты созылмалы жұқпалы емес ауруларын, қант диабеті, тыныс алу жүйесі, қанайналым жүйесі ауруларын және онкологиялық ауруларды ерте сатыда анықтау болып табылады. Балалар өмірінің алғашқы айларынан он сегіз жасқа дейінгі аралықта скринингтен жыл сайын өтеді.

Ересек адамдардың профилактикалық тексеруден өту жиілігі аурудың түрлерімен тікелей байланысты. Мысалы, 40-70 жас аралығындағы әйел адамдардың сүт безі обырына шалдығуы жиі кездесетіндіктен, олар екі жылда бір рет скринингтен өтіп тұруы керек. 30-70 жастағы адамдар 2 жылда 1 рет артериалды гипертония, қант диабеті, глаукома, онкопатология, жүректің ишемиялық ауруын бастапқы кезеңде анықтау үшін емханаға келіп қаралады.

Қазақстанда халықты скринингтен өткізу он жылдан астам уақыт бойы жүргізіледі. Бүгінде мемлекет қаражаты есебінен профилактикалық тексерулерден тегін өтуге болады. Соңғы жылдары әйелдер арасында жиі таралған аурулардың қатарына сүт безінің обыры мен жатыр мойнының обыры жатады.

Ер адамдарда кездесетін онкологиялық ауру түрлеріне өкпе обыры, қуықасты безінің обыры кіреді. Көп жағдайда науқастар дертті асқындырып, медициналық көмекке кеш жүгінеді. Сондықтан да уақытылы скринингтік тексеруден өту арқылы бұл олқылықтың орнын толтыруға болады.

Скринингтік тексеру қызметтері 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетінің құрамына кіреді. Бұл дегеніміз, ересектер мен балалар профилактикалық тексеруден сақтандырылған жағдайда ғана өте алады. Десек те, мемлекет балалар үшін жарна төлейді.

Ал ересектер егер де жеңілдетілген санатта болмаған жағдайда, ай сайын Медициналық сақтандыру қорына аударымдар жасап отыруға тиісті болады. МӘМС жүйесінің мемлекет пен адамдар арасындағы ортақ жауапкершілікке негізделетін байланысты нығайтуда көмегі бар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі адамдарға таңдау мүмкіндігін, қымбат медициналық қызмет түрлерінің қолжетімділігін беретіндігі сөзсіз.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – медициналық көмекке тең қол жеткізу.

"Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы" ММ

Нұр-Сұлтан қаласының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1824662-otandyk-medicinadagy-skriningtik-tekseru-kyzmetteri-zajly-ne-bilesiz/

pixel