Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бұрынғы ата-енесінің батасын ала алмай жүрген жесір әйел мұңын шақты

Опубликовано:

Шымкент қаласының Аягөз есімді тұрғыны осыдан үш жыл бұрын бір жасар баламен жесір қалғанын айтады. Жас келіншектің күйеуі жол апатынан қаза тапқан. Жұбайының жылына дейін ата-енесімен бірге тұрып, бір жылдан кейін бөлек шыққан келіншек бүгінде жаңа өмір бастағысы келеді. Алайда бұған әйел адамның бұрынғы енесі қарсы деп жазады KAZNUR.KZ.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Depositphotos

Аягөз (ред. ескертпе кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілген) тұрмысқа 22 жасында шыққан. Сүйіктісі Русланмен бір жылға жуық кездесіп жүрген. Біршама уақыттан кейін ғашығына тұрмысқа шығып, отбасылық өмірін бастаған. Өкінішке орай, жас келін біразға дейін бала көтере алмаған. Арнайы емнен кейін ғана аяғы ауырлап, көптен күткен қуанышты хабарды күйеуіне жеткізген.

"Руслан екеуміздің арманымыз көп еді. Бала-шағамызды аяқтандырып, бақытты ғұмыр кешкіміз келді. Бірақ ажал аяқ астынан келіп, күйеуім ұлымыз бір жасқа толғанда көз жұмды. Жол апатына түскен жолдасым 22 күн жансақтау бөлімінде жатты. Соңына дейін үмітімізді үзбеген едік. Бірақ дәрігерлер аман алып қала алмады", - дейді Аягөз.

Күйеуінің өлімі жас келіншекке ауыр соққы болған. Ұлдарынан айырылған ата-енесі де көпке дейін естерін жинай алмаған. Қарт кісілер бір жастағы немерелерін жұбаныш еткен екен. Сол себептен Аягөз жолдасының жылдық асына дейін қайын жұртына қызмет етуді жалғастыра берген.

"Күйеуімнің өлімінен кейін енемнің денсаулығы сыр берді. Мен ол кісінің жағдайын жасап, бұрынғыдай келіндік міндетімді атқарып жүре бердім. Руслан қайтыс болғаннан кейін, бірден кетіп қала алмадым. Ата-енемді немерелерінен айырғым келмеді. Оның үстіне ұлым да ата-әжесіне ерекше бауыр басып қалды", – дейді жас келіншек.

Алайда Аягөз жолдасының жылдық асынан кейін, ата-енесінің рұқсатымен бөлек шыққан. Мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер алып, жаңа өмір бастаған екен. Дегенмен қайың жұртымен байланысты түбегейлі үзбеген. Қазірдің өзінде ұлын ата-әжесіне жиі апарып тұрады. Жуырда ол жақсы азаматпен танысып, сезімдері махаббатқа ұласқан көрінеді.

"Мен қаладағы емханалардың бірінде кадр маманы болып жұмыс істеймін. Жуырда жұмыс бабымен Қанат есімді азаматпен таныстым. Ол табиғатынан өте мейірімді, биязы жігіт. Ұлыммен де жақсы тіл табысып кетті. Мен де ұнатып қалғанымды жасырмаймын. Жақында ол маған ұсыныс жасап, жақындарымен таныстырды. Екеуміздің сезіміміз шынайы екенін білемін. Қанаттың ата-анасы да екеуміздің шаңырақ құруымызға қарсы емес", - дейді кейіпкер.

Аягөз ата-енесіне жақсы жаңалық туралы айтқан. Алайда марқұм күйеуінің жақындары келіндерінің шешіміне қарсылық білдіріп, баталарын беруден бас тартқан. Әсіресе енесі Аягөзге айқайлап, "баламды сатып кеттің" деп айыптаған.

"Мен әлі жаспын, жаңа өмір бастағым келеді. Алайда ата-енем мені түсінгісі келмейді. Тұрмысқа шыққаннан кейін ұлымның қиналатынын айтады. Қанаттың туыстары өгей балаға қиянат жасауы мүмкін дейді. Атам өзімнің тұрмысқа шыға беруіме қарсы емес. Бірақ бұл жағдайда немерелерін ата-әжесіне қалдыруымды сұрайды. Сонда мен өз баламнан бас тартуым керек пе? Бұл мүмкін емес", - дейді біздің кейіпкеріміз.

Үлкен кісілердің батасын алғысы келген келіншек қазір қандай шешім қабылдайтынын білмейді. Ендігі кезекте Аягөздің ата-анасы мәселеге араласып, бұрынғы құда-құдағайын рұқсаттарын беруге көндірмекші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1824730-otbasyn-krgym-keledi-bryngy-ata-enesini-batasyn-ala-almaj-zrgen-zesir-kelinsek-myn-sakty/

pixel