Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алжымаңыз": Балғынбек Имашев Алматы атауын өзгертуді ұсынған жазушыға шүйлікті

Жарияланған күні:

Айтыскер ақын Балғынбек Имашев Алматы қаласының атауын "Алма-Ата" деп өзгертуді ұсынған Олжас Сүлейменовке назын білдірді. Оңтүстік астананың тағдырына алаңдаған ол "Алматы" сөзіндегі жұрнақтарды да түсіндіре кетті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Олжас Сүлейменов. Фото: time.kz. Балғынбек Имашев. Фото: Instagram
Олжас Сүлейменов. Фото: time.kz. Балғынбек Имашев. Фото: Instagram: Facebook

Ақын Олжас Сүлейменовтің ғалымдығы мен қайраткерлігіне еш күмән келтірмеді. Алайда, жазушының қазақылығында кірпияздық бар деп есептейтінін жасырған жоқ.

"Қазақылықтан жұрдай-ау. Алматының "бұрынғы" атауын қайтару туралы қайсы бір жылы әңгіменің шетін шығарған. Енді қайта бастапты. Кешіріңіз!", - деген ол Алматы қаласының қазақтар үшін ешқашан "Алма-Ата" болмағанын тілге тиек етті.

Оған қоса, Имашев "Алматы" сөзіне жалғанған жұрнақтың емлесін түсіндіріп берді.

"Ол орыстілділер үшін ғана солай аталып, қазақтар үшін өмір бойы Алматы болып келе жатыр. Бұл Сілеті, Шідерті, Өлеңті, Көкпекті деген сөздердегідей "ты, ті" деген жұрнақ арқылы жасалған есім сөз. Алмалы деген нұсқасы да болған. Қазақта Қарағайлы, Текелі, Арқарлы, Қопалы, Миялы деген мысалдардағы "лы, лі" немесе, "Шеңгелді, Қарағанды, Ошағанды деген мысалдардағы "ды, ді" жұрнақтары арқылы жасалған есім сөздер де бар.
Қазақтың ру-тайпаларындағы көптеген атаулар осы үлгіде жасалған. Мысалы: Ысты, Шапырашты, Ошақты, Сіргелі, Балғалы, Орақты, Балталы, Бағаналы, Қайшылы т.б. Алматы - қазақтың төл сөзі! Алма-Ата деген еш қисынға келмейді. Қамбар ата, Зеңгі баба, Сексек ата бар бізде, Алма ата жоқ!", - деп жазды ол.

Айтыскердің айтуынша, мемлекетте қала атауларын өзгертуден басқа мәселе жетерлік. Ал қажет болған жағдайда, Павлодар мен Петропавлдың атауын ауыстыру керек.

"Олжас аға, орысша Алжас аға, Алжаспаңыз! Елді де, ел басындағыларды да алжастырмаңыз! Осы тәп-тәуір атауы бар елді-мекендер мен қалалардың атын өзгерте бергеннен басқа жұмыс жоқ па? Басқа уайым жоқ па? Ақша тасып бара ма? Әлде ол ақшаны жұмсайтын сала жоқ па? Өзгерту керек болса Астана мен Алматыдан басқа Павлодар мен Петропавл тұр ғой.
Онсыз да шыдамы таусылуға шақ тұрған халықтың сабырын сарқығанша, болатын тірлікпен айналысса екен жоғарыдағы ағалар. Жаңалықты ашып қалсаң, күн сайын зорлыққа ұшыраған жасөспірімдер. Бір шаруаны дұрыс шешу үшін, міндетті түрде бір нәрсе жарылып, бір нәрсе құлап, біреулер өліп, біреулер зорлануы керек пе?",- деп қорытындылады ол.

Балғынбек Имашев жазбасын өлең жолдарымен түйіндеді.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін ақын, жазушы Олжас Сүлейменов президент Алматы атауын "Алма-Ата" деп өзгертуді қолдағанын айтқан еді.

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі Ерлан Қарин бұл бастамаға қатысты президенттің көзқарасын түсіндірді.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев аталған мәселені қарастырмағанын әрі ол әкімдіктің күн тәртібінде жоқ екенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1832419-alzymayz-balgynbek-imasev-almaty-atauyn-zgertudi-syngan-zazusyga-sjlikti/