Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Намаз оқып жаттым": Елордалық кәсіпкер BekAir ұшағына неге отырмағанын айтты

Жарияланған күні:

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны-31 жастағы астаналық жеке кәсіпкер Бауыржан Самен Алматыдағы жантүршігерлік ұшақ апатынан қалай аман қалғанын айтып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

намаз
Фото: Бауыржан Саменнің жеке мұрағатынан: Facebook

Бауыржан көлік тұрағын және көлікті жалға беру саласында жұмыс істейді. Ол екі әріптесімен бірге сейсенбі күні Алматыға жұмыс сапарымен келген. Ал кеше "Алматы - Нұр-Сұлтан" бағытындағы Bek Air ұшағымен елордаға кері қайтуы керек болған. 

"Алматыдағы жұмыстарым бітпеген еді. Билетті айырбастаймын деген ой болған. Bek Air компаниясына хабарласқанымда ұшаққа отырмаған жағдайда билетімнің қайтарылмайтынын, оның жарамсыз болып қалатынын білдім. Жаңа жыл қарсаңында билет бағасы қымбат екені белгілі. Соған қарамастан шаруаларымды бітіріп алайын деген шешім қабылдадым. Осылайша, бұл ұшаққа отыру туралы ойымнан бас тарттым", - дейді Бауыржан Самен.

Жеке кәсіпкер екі әріптесінің де сондай шешімге келіп, ұшаққа отырмағанын айтты.

Алматы маңындағы ұшақ апаты таңғы сағат 07:22-де болды. Осы уақытта Бауыржан таңғы намазын оқып жатқан екен. Ол бұл оқиғаны жаңалықтардан естіп, абдырап қалғанын айтты.

"Бұл ұшаққа мен де отыруым қажет болған. Біздің тікұшақ, біздің рейс, біздің уақыт, оны тексердім. Жаңалықты өте ауыр қабылдап, толқып кеттім.

Алла сақтады, оған күмәнім жоқ. Қаза тапқан адамдардың ішінде мен де болуым мүмкін еді. Мені қойшы, ата-анам, туған-туыстарым қайғырады ғой. Бұл жаңалық оларға ауыр тиері анық.

Достарым мені Алланың қолдағанын, оның маған қатысты жоспары бар екенін, екінші туған күнімнің пайда болғанын айтты", - дейді кәсіпкер ағынан жарылып.

Оның сөзінше, ұшақ апаты туралы жаңалықты естіп, анасының жүрегі ауырған.

"Кейін кішігірім құран оқытып, садақа бердім. Апаттан қаза тапқандардың отбасының қайғысына ортақпын. Оларға құдай күш-қуат берсін. Барлығы жақсы болсын деп тілейік", - деді Бауыржан.

Сөз соңында ол Нұр-Сұлтанға ұшақпен ұшып кететінін айта кетті.

Ол "бүгінгі жағдайдан соң, ұшаққа отыруға қорықпайсыз ба?" деген сұраққа: "Басқа амалым жоқ. Елордада жұмыстарым бар", - деп қысқа қайырды.

Еске сала кетсек, 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының рейсі апатқа ұшырады. Бірнеше сағат өткен соң қаза тапқандардың нақты саны мен есімдері белгілі болды.

Апатқа ұшыраған ұшақ экипажы мен диспетчердің сөйлескен жазбасы жарияланды.

Қайғылы жағдайға қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты және зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Роман Склярдың және бірнеше жауапты тұлғаның қатысуымен болған баспасөз брифингінде ұшақ апатының болжалды екі себебі айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1833979-namaz-okyp-zattym-elordalyk-ksipker-bekair-sagyna-nege-otyrmaganyn-ajtty/