Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Bek Air ұшағына 9 айлық ұлымен мінген келіншек қалай аман қалғанын айтып берді

Опубликовано:

27 желтоқсан күні Алматы әуежайы маңында апатқа ұшыраған Bek Air ұшағынан аман қалған Айсұлу Ғатиат KAZ.NUR.KZ тілшісіне арнайы сұхбат берді.

Фото Айсұлу Ғатиаттың жеке мұрағатынан
Фото Айсұлу Ғатиаттың жеке мұрағатынан: Original

Сол күні жолдасы Мақсұт және 9 айлық ұлы Әділжанмен елордадағы туыстарына бет алған Айсұлу жантүршігерлік оқиғаны әлі де ұмыта алмай жүр. Бүгінде Ғатиаттар отбасы ауруханадан шығып, жаңа жылды үйінде қарсы алды. Десе де, бүкіл елді аяғынан тік тұрғызған оқиға туралы айтылар әңгіме жоқ емес.

"Алдымен осы оқиғадан опат болған жандардың жақындарына көңіл айтқым келеді. "Кемедегінің жаны бір" дейді. Сол ұшаққа мен де отбасыммен бірге отырдым. Желтоқсан айының басында жаңа жыл мерекесін Нұр-Сұлтан қаласында тұратын ата-енеммен қарсы алуды жөн көріп, жоспар құрдық. Мен де, жолдасым да жұмысқа байланысты ұшаққа жиі мінетінбіз. 27 желтоқсан күнгі Bek Air рейсіне билетті төмен бағамен алдық.
Бұл компания маған біраз күмәнді көрінетін, сол себепті, күйеуіме билетті ауыстыру туралы өтініш жасадым. Алайда, ол бұған дейін аталған әуекомпания рейсімен ұшып көргенін айтып, маған бәрі жақсы болатынын ескертті. 2019 жылдың жаз айында біз өзге әуекомпаниялармен жиі ұштық. Тағы да сол жұмыс кестесінің өзгеруіне байланысты бірнеше рет билет алмастырдық. Сондықтан, жолдасым Мақсұт бұл жолы билетті ауыстырғысы келмеді. Бірақ ұшатын күні ішкі интуициям да бірнәрсе сездіргендей болды", - дейді Айсұлу.

Айсұлу Ғатиат апатқа ұшыраған ұшаққа алғашқылардың бірі болып мінген.

"Ұшаққа мінер алдында бір жайсыздықты сездім. Регистрация кешеуілдеп кетті, ал ұшаққа бет алатын шыға беріске жету үшін лифтімен төмендедік. Күн салқын болды. Ұшаққа алғашқылардың бірі болып кірдім. Іші мүлдем салқын екен. Біз 17А және 17В орнына жайғастық. Бұл ұшақтың артқы жағындағы орындар. Ұшардан бұрын күйеуім онлайн регистрациядан өтпек болған.
Алдымен маған ұшақтың алдыңғы бөлігінен орын таңдады. Ал өзіне орын алатын кезде жүйе істемей қалды. Кейін біз Bek Air компаниясына телефон шалып, онлайн регистрацияның жұмыс істемей тұрғанын мәлімдедік. Ұлымыз күйеуімнің атына жүктелген болатын, ал ұшақтың алдыңғы бөлігінде апат кезінде пайдаланылатын үшінші маска жоқ екен. Сол себепті, бізге баламызбен бірге әуежайда тіркеуден өту керектігін айтты. Меніңше, біздің аман қалғанымызға осы себеп болған сияқты. Егер онлайн регистрациямен тіркелсек, орнымыз ұшақтың алдыңғы бөлігінде болар еді", - дейді ол.

Жас келіншек апат кезінде ұшақ ішінде болған жағдайды әлі күнге дейін қорқынышпен еске алады.

"Барлығы көзді ашып жұмғанша, өте жылдам болды. Ұшақ іші салқын болғандықтан, біз сырт киімімізді шешкен жоқпыз. Әдеттегідей мотор даусы шықты да, ұшақ екпін ала бастады. Осы кезде мен ұлымды емізуге кірістім. Өйткені, ұшақ биіктегенде құлағы бітіп, балам жылай беретін. Соның алдын алмақ болдым. Бірақ тап осы сәтте ұлым да мазасызданды, ұшақ та теңселе бастады. Үрей қысқан мен "Макс, Макс" деп күйеуіме айғайлай бердім. Ол дереу баланы қолына алды да, кеудесіне қысып отырды. Сол кезде ұшақ бір сәтке төмендегендей болды. Мен ұшақ қонып, бәріміз сыртқа шығамыз деп үміттендім. Алайда, кейін ол тағы да дереу көкке көтеріле бастады.
Жолдасым мені жұбатпақ болса да, қорқынышымды тежеу мүмкін болмады. Бортта балалар айтарлықтай көп еді. Бәрі айғайлап жылай бастады. Менің ұлым да жанұшыра жылап жатты, жолдасым оны кеудесіне қысумен болды. Осы кезде ұшақ теңселіп, тепе-теңдікті сақтай алмай, құлады. Гүрс еткен дауыстан соң түтін шыға бастады. Біздің артымызда жасы егделеу ерлі-зайыптылар отырған. Олар да мені тыныштандырмақ болды. Барлығы апатты жағдайда шығатын есікке қарай беттеді. Ұшақ жарылуы мүмкін деген үлкен қорқыныш бар еді. Жолаушылар ұшақ жарылатынын айтып, бір бірін асықтырып жатты.
Осы кезде мен ұшақ ішінен компания өкілдерін көргем жоқ. Бір біріне көмектесіп жатқан жолаушылардың өздері ғана. Біз оң қанат арқылы шықтық. Қанаттың үсті тайғақ болғандықтан, ұлымды жолдасым мен тағы бір ер адам алып шықты. Мен соңдарынан ілестім. Сол сәтте мен еш жерімнің ауырғанын сезбедім. Тек ұлым аман болса екен деп Алладан тілеп, еңіреп жылаумен болдым. Өйткені, ұлым тоқтамастан жылай берді. Бір жері сынып, қанап жатыр ма деген қорқыныш шыдатпады", - дейді Айсұлу.
Айсұлудың жұбайы Мақсұт ұлдарымен. Фото жеке мұрағаттан
Айсұлудың жұбайы Мақсұт ұлдарымен. Фото жеке мұрағаттан: Original

Құлаған ұшақ жолаушылары далаға шыққан бетте-ақ жапа тармағай қаша бастаған.

"Сыртқа шыққан соң ұшақтың үйге соғылғанын көрдім. Ұшақ қирандыларының арасында қансырап жатқан адамдарды да көзім шалды. Біз не істерімізді білмей, балам және күйеуіммен бірге жүгіре бердік. Жан-жақтан көмек сұраған дауыстар естіледі. Мен бір үйді көріп, соған қарай жанұшыра беттедім. Бірақ ол ғимарат та жабық тұр екен. Менің бар ойым – баламды тезірек қарау болды. Содан соң қайтадан ұшаққа қарай жүгіріп келдік. Сол маңнан бір көлікті көрдік, ішінде 7-8 жас шамасындағы Әйгерім есімді қыз бала жатыр. Бұл осы маңды күзететін адамның көлігі екен. Аталған жағдайды көріп, ол да осы жаққа беттеген. Жүргізуші бізді дереу әуежайға алып кетті. Осы кезде маған уақыт өтпейтіндей, кері жүріп жатқандай сезілді. Өйткені, Әйгерімнің үсті-басы қан, қайта-қайта есінен танып жатты.
Жолдасым оны сөйлетіп, ұйықтап кетпеу үшін неше түрлі сұрақтар қойып отырды. Кейін жүргізуші бізді медпункте тастап, қалған жолаушыларды құтқару үшін қайтып кетті. Міне, осы кезде ғана мен бүкіл денемнің ауыратынын сездім. Ұшақ құлағанда менің орындығым алға қарай жылжып, ортасында қысылып қалған едім. Оның үстіне, терезенің жақтауы маған қарай ұшты. Сол отырғанымнан тұра алмадым. Мені жедел жәрдеммен алып кетті. Ал ұлымды балалалар ауруханасына жөнелтті", - деп еске алды Айсұлу.

Дәрігерлер Айсұлудың 9 айлық ұлына жабық бас сүйек ми зақымы диагнозын қойған. Ал Айсұлу Ғатиат омыртқа жотасынан жарақаттанған. Мақсұт Ғатиат бұғанасы зақымданса да, ауруханаға жатудан өз еркімен бас тартады.

"Бұл оқиға біздің өміріміздегі ең үлкен сынақ десем, артық емес шығар. Ауруханада баламның өзімнен жырақ болғаны жаныма қатты батты. Дәрігерлерді мені ұлыма жіберуін жалынып сұраумен болдым. Кішкентай ұлым неше түрлі дәрігер тексеруінен өтіп, қатты қорқып қалған. Оның қасында нағашы әжесі мен әкесі ғана болды. Мен барынша тырысып, ұлымның қасына ауыстым. Ұлымды аман-есен көру менің өмірімдегі ең үлкен бақыт еді. Жолдасым Мақсұт екеуміз Сүлеймен Демирел атындағы университетте қызмет етеміз.
Мақсұт университеттегі үздіксіз білім беру орталығының директоры, ағылшын тілінен сабақ береді, аға оқытушы. Өзі Шығыс Қазақстан облысынан, ал ата-анасы әскери қызметте болғандықтан бірнеше қалада тұрып, кейін елордаға тұрақтады. Мен ата-анаммен бірге 2009 жылы Сәтпаев қаласынан Алматыға көшіп келгенмін. Әлі күнге дейін осында тұрамыз. Университеттегі аударма бөлімінде сабақ беремін. Өз күшімізбен бір бөлмелі пәтер алып, болашақта шетелде білім алуды жоспарлап жүрген отбасы едік.
Осы ұшақ апатынан соң біз қатты қорқып қалдық. Осы орайда, ел ішіндегі ұшақ бағасын мейілінше төмендетсе деген ұсынысым бар. Бізде бір бағытқа барып-қайту 150 мың теңгеге шығады. Бұл өте көп. Енді мен бар күшімді жиып, ұлымның денсаулығына мән беремін. Ұлымызды тезірек қатарға қосылу үшін аянып қалмаймыз", - дейді Айсұлу Ғатиат.

Еске сала кетейік, 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады.

Қайғылы оқиға салдарынан 12 адам қаза тауып, 49 адам әртүрлі жарақат алған.

Кейіннен Bek Air әуе компаниясы брифинг ұйымдастырып, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.

Олар апатқа себеп болуы мүмкін нұсқаны да атады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1834831-bek-air-sagynda-9-ajlyk-lymen-mingen-kelinsek-kalaj-aman-kalganyn-ajtyp-berdi/

pixel