Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ирандықтар оңайлықпен берілмейді": Тегеранда тұратын қазақ ол жақтағы ахуал туралы айтты

Опубликовано:

Жуырда ғана әлем назарын өзіне аударған Таяу Шығыста тұратын қандасымыз Жафар Шадкам Иран тұрғындарының немен айналысатынын, олардың өмір сүру деңгейін, халық пен билік байланысын айтып берді. Жафар ел астанасы Тегеранда тұратын қазақтардың бірі деп жазады KAZ.NUR.KZ Zamana басылымына сілтеме жасап.

Жафар Шадкам. Фото: zamana.kz
Жафар Шадкам. Фото: zamana.kz: Facebook

Этиналық қазақ азаматы сұхбат барысында елде болған соңғы саяси жағдайларға пікір білдірді.

"Өздеріңіз білесіздер, Иранда 1979 жылы төңкеріс болып, бұрынғы шах режимі құлағаннан кейін Ислам мемле­кеті болып қайта құрылды. Содан кейінгі онжылдық ішінде Иран мен Ирак арасында соғыс басталып, 8 жылға созылды. Соның салдарынан Иран мен АҚШ арасында текетірес басталды. Әр жылдары әртүрлі деңгейде жалғасып келеді. АҚШ жағы Иранды тізе бүктіргісі келеді. Санкциялар салудан жалыққан емес. Бірақ біздегі билік те оңай беріл­мейді", - деген қандасымыз бұл қарапайым халыққа әсер етпей қоймайтынын атап өтті.

"Тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі жылдан-жылға нашарлап барады. Қымбатшылық жайлаған. Бірақ халықтың рухы түспеген", - дейді ер адам.

Жафардың сөзіне сүйенсек, ирандықтардың тұрмыс деңгейі әртүрлі. Мұнда бақуатты кісілер де, орта өмір сүретіндер де, сіңірі шыққан кедейлер де бар.

"Мемлекет қазір осыны басты назаға алып, ішкі өндірісті дамытуды жолға қоюда. АҚШ тарапынан салынған санкциялардың кесірінен алыс-жақын елдермен өзара байланысу нашарлап кетті ғой. Соның әсерінен бізде қазір өзін-өзі қамтамасыз ету, өзге елге тәуелді болмау жағына басымдық беріліп отыр", - деді Жафар Шадкам.

Сондай-ақ Жафар мырза Ирандағы қазақтардың жай-күйін де баяндады. Оның айтуынша, Таяу Шығыстағы этникалық қазақтар, әсіресе жастар жағы Қазақстанға оралғылары келеді. Айтуынша, Ирандағы саяси жағдайлар жастардың еңсесін басып тастаған.

"Ирандағы қазақтар Каспий теңізінің жағалауына жақын Гүлстан облысына қоныстанған. Оның бас қаласы – Горган. Горганның екі кварталында қазақтар өмір сүреді. Горганнан 37 шақырым қашықта Бендер-Туркмен деген қала бар. Біраз бауырларымыз сонда тұрады. Кумбез деген қалада да аздаған қазақтар бар. Жағдайы, шүкір деу керек, ешкімге алақан жайған емес, тіршіліктерімен айналысып жатыр. Өзара байланысымыз өте мықты. Бір-бірімізді білеміз, жақсы танимыз. Той-жиында, басқа да жағдайларда ауызбіршілік танытып, жиналып, керек болса, қол ұшын созып дегендей, араласып тұрамыз.
Иранға бұрыннан қоныс тепкен қа­зақ­тардың үштен бірі Қазақстанға қоныс аударған. Бүгінде олар Маңғыстау облысының Ақтау қаласында тұрады. Қалған кісілердің де елге кеткісі бар. Әсіресе жастар жағы ынталы болып тұр. Ирандағы саяси ахуал олардың еңсесін басып тастады.
"Атамекенге барып бейбіт елде өмір сүрсек, ұрпағымызды сол жақта өрбітсек" дейтіндер көп. Бірақ бір нәрсе қатты қынжылтады: ол Қазақстандағы тіл мәселесі. Қазақ тілінің кенжелеп, орыс тілінің алға шыққаны біздегі жастардың аяғына тұсау боп тұр. Барсақ, орыс тілін білмегеннен жұмыс таба алмайтын шығармыз деп күмәнданады", - дейді ол.

Жафар Шадкам Иранның генералы Касем Сулейманидің ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне де қатысқан. Сөзінше, генералды жоқтап, жылап, еңіреген адамдар санында шек болмаған.

"Генерал Сулейманиді ақтық сапар­ға шығарып салу рәсімі батыста орналасқан Ахваз қаласынан басталды. Сосын Мешхед деген үлкен қалада жалғасып, Тегеранда өтті. Ол жиынға қатыс­қан ирандықтардың санына жету мүмкін емес.

Өзім "Азаттық алаңы" деген жерге бардым. Сонда халықтың генералға деген махаббатын көзбен көріп, жүрекпен сезіндім. Жылап, еңіреп тұрған адамдардың санында шек жоқ.

Ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Тегераннан кейін Он қаласында жалғас­ты. Соңында генералдың денесі туған жері Керманға жеткізілді. Жерлеу рәсімі адамдардың көптігіне, жол қозғалысының қиындауына байланысты уақытынан кешіктірілді. Ел үш күн аза тұтты.
Халық Касем Сулейманиды шын сыйлайтын, құрметтейтін. Генералды Иранның әскери бастамаларына жауап бере­тін басты стратег деп санаған. Ол Ираннан бөлек, Сирия, Ливан, Ирак пен Йеменде де абыройлы болатын", - дейді Ирандағы қазақ азаматы.

Айта кетейік, Жафар Шадкам 1966 жылы Горган қаласында дү­ние­ге келген. Орта мектепті бітіргесін спорт саласы бойынша жоғары білім алған. Сол кездерде Иранда әр тілде хабар тарататын радиолар ашылған еді.

Сол мүм­кіндікті пайдаланып, қазақ радиосында жұмыс істеген. Бүгінде зейнетке шыққанына үш жыл болған. Жұбайымен бірге екі қызды тәрбиелеп отыр.

Еске сала кетсек, "Аль-Кудс" ислам революциясы күзеті корпусының қолбасшысы Касем Сулейманидің өлімінен соң АҚШ пен Иран арасында жанжал туындап, аталған оқиғадан кейін Тегеран қатаң түрде кек алуға уәде берген болатын.

Сондай-ақ Иранда қаза болған генералмен қоштасу рәсімі кезінде Дональд Трамптың басы үшін 80 млн доллар сыйақы тағайындалғаны хабарланған.

Сонымен бірге, Иран Ирактағы АҚШ-тың әскери күштері орналасқан нысандарына екінші зымыран толқынын ұшырып жатқанын мәлімдеді.

Трамп Иранның шабуылынан кейін АҚШ халқына үндеу жасап, туындаған кикілжіңді әрі қарай жалғастыруға ниетті емес екенін мәлімдеді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1837033-irandyktar-oajlykpen-berilmejdi-tegeranda-tratyn-kazak-ol-zaktagy-ahual-turaly-ajtty/

pixel