Қарды ерітіп ішкен: Ақтөбеде боранда сусыз қалған ауыл тұрғындары әкімге шамданды
Жарияланған күні:
Ақтөбеде Ақшат-2 елді-мекеннің тұрғындары бораннан кейін он күннен бері жолсыз, ауыз сусыз отырғандарын айтып, шағымдануда. Айтуынша, қар басқан ауылда көлік түгілі адам жүретін жол жоқ. Сол үшін аптасына үш рет ауыз су әкелетін көлік те келуін қойған. Сәйкесінше, тұрғындар қарды ерітіп ішіп отырған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Информбюроға сілтеме жасап.
Ауыл тұрғындары не жұмысқа не мектепке бара алмай отыр екен. Себебі төрт күннен бері соққан бораннан кейін ауылда қатынап жүру мүмкін болмай қалды.
Тұрғындардың сөзінше, ауыз судың келмегеніне де он күннен асып кетіпті. Айтуыларынша, олар әкімдікке жолды ашып беру туралы өтініш білдіріп, талай хабарласқан.
"Балалар мектепке бара алмай жатыр. Су тасушы су әкелмей жатыр. Қыналықар деп халық мазақ етіп жатыр. Шынымен, қардың астында қалдық. Жолды тазалап, біздің жолымызды ашып беріп немесе автобус, такси қатынайтындай қылыңыздар", - деді Ақшат ауылының тұрғыны Нұрлыайым Жаңабаева.
Осы ауылға жауапты Алматы ауданының әкімі қар ашуға тиісті мердігер мекеменің екі техникасында ақау барын айтты. Сонымен қатар, ол ауылда ауыз су мен жолдың жоқтығынан хабардар екен.
"Ақшат-2-ге біз боранның алдында келіп, қарды тазалап кеткен. Заречныйды тазалап бітсе, жол жаққа қарай шығады. Бораннан кейін тазалауға барған жоқ. Үлгермей жатыр. Су тасушы аптасына үш рет барады. Алдағы жұмада жеткіземіз", - деп мәлімдеді Ақтөбе қаласы, Алматы ауданының әкімі Әділгерей Әуелбаев.
Жолсыз, ауыз сусыз отырған халыққа аудан әкімі ауылды қардан 1-2 күнде тазартып беруге уәде берді.
Дереккөз: Информбюро
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан өңірлерінде алдағы үш күнде 30 градусқа дейін суық болады деп жазған едік.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1838538-kardy-eritip-isken-aktbede-boranda-susyz-kalgan-auyl-trgyndary-kimge-samdandy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.