Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сот төрелігі академиясы магистранттарының шулы видеосына Асанов пікір білдірді

Жарияланған күні:

Елордада Жоғарғы сот төрағасының қатысуымен судьялар алқасы өтті. Жақып Асанов Сот төрелігі академиясының магистранттары таспаланған атышулы видеоға қатысты пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Видеодан кадр: YouTube / Басе
Видеодан кадр: YouTube / Басе: UGC

Асановтың дерегінше, 2016-2018 жылғы академия түлектерінің небәрі 16%-ы судья болған.

Жоғарғы соттың төрағасы академия басшысынан оқу орнының түлектері немен айналысып жүргенін сұрады.

Ректор қызметінде үш айдан бері отырған Зауреш Баймолдина өз кезегінде қазір мониторинг жүргізіліп жатқанын айтты. Білім мекемесі қажетті ақпаратты ақпан айының соңына дейін береді.

Оның сөзінше, академия осы жылы ережелерге өзгерістер енгізуді ұсынған. Яғни оқу орнының барлық түлектерін аудандық судьялар лауазымына орналасуға арналған конкурстарға қатысуға міндеттеуі мүмкін.

Жоғарғы соттың төрағасы қазақстандықтардың ашуына тиген видео мен академияның екінші курс студенттері жайлы ректордың не ойлайтынын да сұрады.

"Мен сізбен сөйлестім, сіз қазіргі екінші курстар 2018 жылы қабылданғанын және бір жыл бұрын 2019 жылы қабылданған бірінші курс студенттерінің өзара айырмашылықтары барын айттыңыз.
Екінші курс - бұлар жақында ғана бүкіл елге танылғандар. Сіз білімге деген талпыныс пен өзіндік білім алуға қатысты айырмашылықтары болса, айта аласыз ба?", - деді Асанов.

Ректор академияның екі курсы бір-бірінен түбегейлі ерекшеленетінін атап өтті.

"Бірінші курс - бұлар тек оқымайды, олардың жақсы потенциалы, дайындықтары, білімдерін одан әрі тереңдетуге деген ұмтылыстары бар. Екінші курстың түбегейлі айырмашылығы бар.
Екінші курста айтылғанның бәрі доптың қабырғаға секіргені сияқты. Айтқанымыздың бәрі оларға сіңбейді. Бұл олардың деңгейімен байланысты сияқты. Бұл тек білім жағынан ғана емес, адамгершілік тұрғысынан да", - деді Зәуреш Баймолдина.

Ал Жақып Асанов болса, мұның себебі дұрыс таңдау болмағанда екенін алға тартты.

Айтуынша, адамдар академияға судья боламын деп емес, "екі жылын өткізіп, бұрынғы жұмыс орнынан жалақы алу" деген мақсатпен түседі екен.

Асанов Сот төрелігі академиясындағы потенциалы жоғары студенттердің іріктеуіне қатысатын Жоғарғы сот дейгейінде комиссия құруды ұсынды.

Сонымен қатар, оқудан шығарылған студенттер мен оқуын аяқтаса да сот жүйесіне бармағандарға азаматтық-құқықтық тәртіп бойынша олардың оқуына кеткен шығынды төлетуді міндеттеу ұсынылды.

Жоғарғы сот төрағасы оқу орнының соңғы екі жылда өте төмен нәтиже көрсеткенін атап өтті.

Еске сала кетсек, Германияда тағылымдамадан өтіп жүрген қазақстандық магистранттардың шулы видеосы желіде тарап кеткен еді.

Артынша, Германияда білімін жетілдіруге кеткен Сот төрелігі академиясының 8 студенті оқудан шығарылғаны хабарланды.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1838828-asanov-sot-treligi-akademiasy-magistranttaryny-suly-videosyn-sz-etti/