Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы әуе апатынан аман қалғандар қайғылы оқиға туралы айтты (видео)

Опубликовано:

Алматы маңында апатқа ұшыраған Bek Air ұшағының аман қалған жолаушылары бастан кешкен жайттарын баяндап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Оқиға орнынан фото: NUR.KZ / Петр Карандашов
Оқиға орнынан фото: NUR.KZ / Петр Карандашов: Original

КТК телеарнасы апаттан аман қалғандардың әңгімесінен құралған телесюжет дайындады.

Жолаушылардың бірі Мақсұт Гатиат астанаға әйелімен және кішкентай баласымен бірге бармақ болған.

"Ұшып кетсек немесе тоқтасақ екен деген ой болды. Менің үнемі бизнес-санатпен немесе соған жақын орындарда ұшқым келетін. Қазір әрине, оны қаламаймын. Мен 5-ші қатарға тіркелгім келген, сосын 8-ге, бірақ болмады.
Bek Air-ға хабарласып, неліктен бір жерден екі орынды ала алмай жатқанымды сұрадым. Олар егер сәбиіміз болса, тек әуежайдан ғана тіркеле алатынымызды айтты. Себебі қосалқы маскалар тек белгілі бір орындарда ғана болатынын жеткізді.
Әуежайда бізге 17-ші қатар түсті", – дейді Мақсұт.
Мақсұт Гатиат. Кадр видеодан/ КТК
Мақсұт Гатиат. Кадр видеодан/ КТК: Twitter

Айтуынша, өзі ештеңеге алаңдамаған, бірақ әйелінің әлденеге мазасызданғанын байқапты.

"Ұшақ әуеге көтеріле алмайтындай сезілді. Бірінші рет көтерілуге тырысқанда – оң жағымен, екіншісінде – сол жағымен соғылды.
Мен бір қолыммен әйелімді, екіншісімен баламды ұстап отырдым. Сосын екеуін де бірдей ұстай алмайтынымды түсініп, екі қолыммен баланы ұстадым, оған ештеңе боп қалмаса екен деп ойладым. Салмақтың ауыр болғанынан шығар, менің орындығым орында қалды, ал жанымдағы орындық ұшып кетті.
Сыртқа шыққанымызда ұшақтың қанатының үсті тайғақ болды. Басқа жолаушылар бізге шығуға көмектесті.
Бізге екінші мүмкіндік бергеніне Аллаға ризамын. Енді отбасыммен көбірек уақыт өткізуге тырысамын", – дейді Мақсұт.

Оның әйелі Айсұлу да бастан кешкен жантүршігерлік оқиғаны баяндап берді.

Айсұлу Гатиат. Кадр видеодан/ КТК
Айсұлу Гатиат. Кадр видеодан/ КТК: Instagram
"Адамдар қирандылардың арасында жатты, көмек сұрап, айқайлаған әйелдер, егде жастағы адамдар болды. Жалпы, бортта егде жастағылар мен балалар көп болды.
Ұшаққа мінгенімізде іші суық болды, бұл оның алдын ала жылытылмағанын немесе ұшуға дайын болмағанын білдірсе керек", – дейді ол.

Мейрамбек Серіков та басынан бастап біртүрлі сезімде болғанын еске алады. Ол ұшаққа кіріп жатқанда тіпті, апаттық шығу есіктерін зерттеп қарап, осыған байланысты қалжыңдаған екен.

Мейрамбек Серіков. Кадр видеодан/ КТК
Мейрамбек Серіков. Кадр видеодан/ КТК: Instagram

Ұшақ апатқа ұшыраған соң ол адамдарды шығаруға көмектескен. Қараңғы болғандықтан телефонының шамын жағып жүрген. Қирандылардың бірін алып қарағанда, оның астынан 3-4 жасар қызды байқаған. Оның тірі екенін көріп, қуанып кеткенін, оны құшақтап алып құтқарушыларға бергенін айтады.

Informburo.kz порталының журналисті Серікжан Мәулетбай сол қайғылы оқиғада әріптесі Дана Кругловадан айырылған. Айтуынша, сол күні Дана Жаңа жылды ата-анасымен қарсы алу үшін Нұр-Сұлтанға аттанған.

Серікжан Мәулетбай. Кадр видеодан/ КТК
Серікжан Мәулетбай. Кадр видеодан/ КТК: Instagram
"Ертесіне жиналыс болғандықтан, ол Алматыда қалғысы келген. Бірақ, ақыры Нұр-Сұлтанға ұшуға шешім қабылдады. Мен апат орнында жұмыс істедім, сол жерге бара жатқанда Дананың астанаға ұшып кеткенін білдік.
Оның қай рейске отырғанын анықтадық, сөйтіп сол ұшаққа мінгенін білдік. Басшылығымыз мәйітханаға барып анығын білгенге дейін, оның тірі екеніне үміттендік", – дейді Серікжан.

Әсел Әбілдаева ұшақ апатынан аман қалғандардың бірі. Сол кезде ол алғаш рет ұшаққа мініпті.

"Мен қатты айқайладым, жыладым, ұшақ қатты сілкіне бастады. Көз жасымды тоқтата алмадым.
Алғаш рет ұшайын деп жатқан соң басынан бастап қорықтым, таксиде әуежайға бара жатқаннан-ақ бойымды үрей биледі", – дейді Әсел.
Әсел Әбілдаева. Кадр видеодан/ КТК
Әсел Әбілдаева. Кадр видеодан/ КТК: Instagram

Ол ұшаққа соңғылардың бірі болып кіргенін айтады.

"Біз ұшу жолағына шықтық, қозғалтқыштар іске қосылып, ұшақ әуеге көтеріле бастағанда қатты сілкінді. Алдындағы орындар ұшып, ұшақтың төбесі мен қабырғалары қирай бастағанда қатты қорықтым.
Құтқарушылар бригадасы тек 30-40 минуттан кейін бір-ақ келді. Күн шыға бастағанда артымда бірнеше адамның жатқанын көрдім. Бір адамды ұшақтың қабырғасы басып қалған екен", – дейді Әсел.

Ол адамдардың ұшақтың жарылып кетуінен қорыққанын жеткізді. Бірақ, қорқынышқа қарамастан, жолаушылар бір-біріне көмектескен.

"Жолаушылардың бастан кешкенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Артта отырған адамдар сұмдықтың бәрін көрді. Ұшақтың жылдамдығы бұдан да жоғары болғанда аман қалуымыз екіталай еді", – дейді Әсел.

Еске сала кетейік, 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының рейсі апатқа ұшырады.

Қайғылы жағдайдан 12 адам қаза болып, 49 адам ауруханаға жеткізілді.

Дереккөз: КТК

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1839940-almatydagy-ue-apatynan-aman-kalgandar-kajgyly-okigany-eske-aldy-video/

pixel