Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тестілеу орталығының басшысы жемқорлық туралы хабарлағандарға 100 мың теңге беруге дайын

Опубликовано:

БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры міндетін атқарушы Дидар Смағұлов Ұлттық тестілеу орталығына немесе ҰБТ-ға қатысты кез келген жемқорлық фактілері туралы хабарлағандарға өз қалтасынан 100 мың теңге көлемінде сыйақы беруге дайын екенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Дидар Смағұлов. Фото: liter.kz
Дидар Смағұлов. Фото: liter.kz: Depositphotos
"Өздеріңіз білесіздер, сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлағаны үшін ынталандыру бар. Бұдан бөлек, жемқорлық фактісі бойынша 100 мың теңге сомасында сыйақы енгізбекпіз. Бұл бюджет қаржысынан төленбейді, бұл соманы өзімнің жеке қаражатымнан бөлемін.
Біздің саладағы жемқорлыққа қатысты кез келген нақты ақпаратты хабарлағандарға аталған сыйақыны беруге дайынмын. Атап айтқанда, өз әріптестерімнің таза екеніне сенімдімін. Осы кісілермен жарты жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін", - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры міндетін атқарушы.

Ол сондай-ақ, жемқорлыққа қатысты хабарлаған адамдардың құпиялығы сақталатынын жеткізді.

"Әлеуметтік желілерде менің парақшаларым ашылған, телефон нөмірлері де көрсетілген. Біз жемқорлық фактілері туралы ақпаратты сыйақы төлеп, қабылдауға дайынбыз. Кейіннен бұл мәліметтер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тапсырып, бұл тұрғыда қажетті шаралар қабылданады", - деді Дидар Смағұлов.

Сонымен қатар Тестілеу орталығының басшысы әлеуметтік желілерде "Ұлттық тестілеу орталығы тестілерді сатып жатыр" деген сынды таралған қауесеттердің шындыққа жанаспайтынын да атап өтті.

"Орталықтағы қызметкерлердің, әріптестерімнің өз ісіне адал екенін сеніммен айта аламын. Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде тест жауаптары сатылып жатқандығы туралы жиі айтылады. Тексеру нәтижесінде бұл жалған ақпарат болып шығады немесе бірнеше жыл бұрынғы тестілер екені анықталады", - дейді Смағұлов.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қараша айында "Ұлттық тестілеу орталығының" бұрынғы директоры Рамазан Әлімқұлов 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол қонақ үй қызметін көрсету бойынша шарттарды бұзбағаны, орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қойғаны, жүгенсіздікке жол бергені және жалпы қамқорлығы үшін 5 млн теңге сомасында пара алды деп күдіктелген.

Сонымен қатар пара алды деп күдіктелген "Ұлттық тестілеу орталығы" басшысының бұрынғы орынбасары Дархан Жақсыбеков жеті жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1839987-testileu-ortalygyny-bassysy-zemkorlyk-turaly-habarlagandarga-100-my-tege-beruge-dajyn/

pixel