Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде ішімдіктен түбегейлі бас тартқан неше ауыл бар

Жарияланған күні:

Осы күндері елімізде арақ сатылмайтын, ішімдік ішілмейтін ауылдар саны көбейіп келеді. Ол елді мекендердің дүкендерінде ішімдік атаулы сатылмайды, дастарқанға арақ-шарап қойылмайды. Осы орайда KAZ.NUR.KZ порталы алкогольді сусындардан түбегейлі бас тартқан ауылдарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтына сілтеме жасап санап шықты.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Instagram

1. Алмалы ауылы

Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алмалы ауылында жүз алпысқа жуық отбасы тұрады. Қазіргі уақытта бұл ауылдың дүкендерінен ішімдік таппайсыз.

"Ішкіліктен не пайда? Еліміз ішімдік атаулыдан ада болса, таза болсақ, ұрлық, төбелес, ажырасу болмайды, көлік апаттары азаяры анық" деді ауыл ақсақалы Елеусін Жастаев.

2. Жуансай ауылы

Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Жусансай ауылында да арақ түгілі темекі сатылмайды. Бұл елді мекенде 120 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Ауылда 3 дүкен бар. Ешқайсысы ішімдік сатпайды. Жусансайды да арақтан тазартқан ауыл ақсақалдары екен.

3. Теңдік ауылы

Солтүстік Қазақстан облысының Теңдік елдімекенінің тұрғындары 16 жылдан бері дастарқанына арақ-шарақ жуытпапты. .

4. Красная поляна ауылы

СҚО-ның Сандықтау ауданына қарасты Красная поляна ауылында да арақ сатылмайды. Осыдан 9 жыл бұрын араққа тойып алған ауыл жастары бір қарияны сабап кеткен көрінеді. Сол уақытта ауыл ақсақалдары жерлестерін жинап, бұдан былай арақ-шарапқа жуымау жайлы үндеу тастаған.

Қазіргі уақытта бұл ауылда мыңнан астам адам тұрады. Ауыл тұрғындарының бір біріне деген сенімі артқаны сонша, алыс жаққа жол жүрсе де, есігіне құлып салмайды.

5. Еңбек ауылы

Ақмола облысының Еңбек ауылының дүкендерінде де арақ сатылмайды. Оған себепкер болған осы ауылдың тұрғыны Майдан Бақтыбайқызы. Әйел адам 2002 жылы ауылдағы өз үйін бұздырып, орнына мешіт салдырған. Сөйтіп мешіт ашылғаннан кейін, жерлестерін арақтан арылуға шақырыпты.

6. Сарыбастау ауылы

Ащы судан бас тартқан ауылдардың бірі – Алматы облысы Райымбек ауданының Сарыбастау ауылы. Бұл ауылды арақтан арашалаған ауыл мектебі жанынан құрылған "Ұлағатты ұрпақ" қоғамдық қоры болып табылады. Қорды ауыл ақсақалдары және осы ауылдан шыққан қазіргі уақытта түрлі қызметте жүрген ауыл белсенділері мен тұрғындары құрған.

7. Қақпақ ауылы

Арақтан бас тартқан келесі елді мекен Райымбек ауданының Қақпақ ауылы. Бұл ауылдан спорт шеберлері Ардақ пен Бейбіт Назаров шыққан.

8. Жыланды ауылы

Алматы облысына қарайтын Жыланды ауылы да арақтан бас тартқан. Бұл ауылда он жылдан бері жиын-тойларда тек қымыз ұсынылады екен. Жыланды ауылынан белгілі кәсіпкер, "Жерсу" компаниясының басшысы Бауыржан Оспанов шықты.

Бауыржан Кеңесбекұлы қазір туған ауылына бар жағдайды жасап отыр. Ауылдың жолын салып, электр қуатымен қамтып, өндіріс орындарын ашып, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін реттеп берген. Қазіргі уақытта бүкіл ауыл ащу судан бас тартқан. Жыландының дүкендерінде бүгінде ішімдік қана емес, шылым мен шұжық (харам саналатыны) та сатылмайды екен.

9. Өзгент ауылы

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Өзгент ауылында да ішімдік сатылмайтын көрінеді.

"Сыр беткейде Өзгент деген ауыл бар. Тарихы Сығанақ, Сауран қаласымен тағдырлас. Ауыл имамы Халилла қожамен тілдестім. Имамның айтуынша, төрт-бес жыл алдында, молдасы бар, ақсақалы бар дүкен-дүкенді жағалап, сайтансудың сатылмауын насихаттаған. Соңыра, дүкен сөресінен сайтансу алынып, үйді-үйлерде тығылып сатыла бастаған. Онысын учаскелік полицейге айтып жүріп, оған тосқауыл қойған" деп жазады аудандық газет қызметкері Әбдісамат Әбдіш.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздіңTelegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1840722-elimizde-isimdikten-tbegejli-bas-tartkan-nese-auyl-bar/