Ақтөбеде 26 жолаушысы бар автобус аударылып қалды (фото)
Опубликовано:
Бүгін таңертең Ақтөбе қаласында жолаушылар автобусы мен такси көлігі соқтығысты. Салдарынан 26 адам зардап шекті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мәлім болғандай, Ғ.Жұбанова мен Ө.Сейітов көшесінің қиылысында такси қызметіне тиесілі "Volkswagen Polo" көлігі мен №37 бағыттағы "ПАЗ" автобусы соғылды. Салдарынан жолаушылар көлігі аударылып, онда болған 26 адам (19 әйел, 7 ер адам) медициналық бригадалар мен патрульдік полицейлердің көмегімен Ақтөбе қаласының Жедел жәрдем ауруханаларына жеткізілді.
"Жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу басталды. Ақтөбе облыстық Полиция департаменті жүргізушілерден көктайғақ кезінде жолда аса сақ болуға шақырады. Жылдамдық режімін қатаң сақтап, ара-қашықтықты ұстану қажет. Сондай-ақ, жол ережелерін сақтауға, негізсіз маневрлер жасамауға және кенеттен тоқтамауға кеңес береді", - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, 14 ақпанда Қарағанды Нұр-Сұлтан тас жолында бірнеше көліктің қатысуымен жол апаты болып, соның салдарынан екі адам көз жұмды. Қайғылы жағдай шамамен 10:20 шамасында орын алған.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1841130-aktbede-26-zolausysy-bar-avtobus-audarylyp-kaldy-foto/