"Өліп қал деп мылтық кезеді": Анасы бас тартқан қыз өгей әкесінің қорлығын айтты
Жарияланған күні:
16 жастағы Айғаным Тоқмұханбетова анасы бола тұра көрінгеннің табалдырығында түнеп жүр. Жасөспірімнің сөзінше, анасы оны тіпті керек етпейді екен. Туған анасын екі жыл көрмеген қыз көпшілікке қиын тағдырын баяндап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Айғанымның сөзінше, анасы оны дүниеге әкеле сала өзінің әке-шешесінің қолына тастап кеткен.
Алайда нағашы ата-әжесі қайтыс болғаннан кейін биологиялық анасымен тұруға мәжбүр болған жеткіншек өгей әкесінен оңбай таяқ жегенін жайып салды.
"Бесінші сыныпқа дейін мені нағашы атам мен апам бақты. Ол кісілер қайтыс болғаннан кейін анамның қолына барып, тұрдым. Бірақ ол кезде ол кісінің екінші күйеуі болғандықтан, мені сыйдыртпады. Түртпектеп, "сен жетімсің" дей берді", - деді ол.
Жас жеткіншектің сөзіне сенсек, өгей әкесі оны бірнеше рет ұрып, ауруханаға түсірген көрінеді.
"Өгей әкем "сен өліп қал" деді. Анамды соңғы рет 2 жыл бұрын, өзім ауруханаға түскенде көрдім. Ол кезде өгей әкем ішіп алып, менің шашымнан сүйреді.
Екінші күні ішім ауырып, жатып қалдым. Сол кезде анам мен оның абысыны ұрысып қалды. Сосын өгей әкем "осының бәріне сен кінәлісің" деп киімдерімді өртеп жіберді. Содан кейін жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға түстім", - деді ол.
"Аналық жылуды көрмедім" деп шырылдаған Айғаным өгей әкесінің оған мылтық кезеп, "өлтіремін" деп қоқан-лоққы көрсеткенін айтты.
Алайда оның анасы қызының сөзін жоққа шығарып, күйеуін жақтай түсті.
"Қызымды биыл көрген жоқпын. Айғанымға ақша да азық-түлік те жіберген емеспін. Не ішіп, не жесе де өзінен көрсін. Бәріне өзі кінәлі. Күйеуім жуас, ол оны ұрған жоқ", - деді анасы.
Алайда ер адам жасаған ісін мойындап отыр. Оның сөзінше, ол қызға мылтық кеземесе де оған қол көтеріпті.
"Бір рет қана (қол - ред.) көтердім. Айтқанға көнбеді. Бауырым екеуімізді ұрыстырып қояды. Сол үшін қазір бауырыммен араласпай кеттім. Мылтық тақаған жоқпын, бірақ олай айтқаным рас", - деді ер адам.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкентте өгей қызын жүкті етіп қойған ер адам сотталды.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1844233-lip-kal-dep-myltyk-kezedi-anasy-bas-tartkan-kyz-gej-kesini-korlygyn-ajtty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.