Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Намысыма тиеді": Алматы метросында ұлттық киіммен жүрген бойжеткен елді таңырқатты

Опубликовано:

Алматы метросында қазақтың ұлттық шапаны мен бөрігін киіп жүрген жас бойжеткеннің суреті әлеуметтік желіде тарап кетті. Бүгінде желі қолданушылары ұлттық киімді әспеттеген аруға жылы пікірлерін жаудыруда. KAZ.NUR.KZ қазақтың ұлттық киімдерін көшеде киіп жүруді намыс көрмейтін, өндірушілер көбейсе, қазақы нақыштағы нәрселерді дәріптеуден қашпайтын бойжеткенмен тілдесті. Ол – 19 жастағы қарағандылық Әзел Елдосқызы.

Фото: instagram.com/azelya_yeldos. Колаж KAZ.NUR.KZ
Фото: instagram.com/azelya_yeldos. Колаж KAZ.NUR.KZ: Instagram

Әзел Қарағанды облысының Қарқаралы өңірінде туып-өскен. Қазіргі таңда Алматыдағы Д. Қонаев атындағы Евразиялық Заң академиясының үшінші курс студенті. Қазақы нашықтағы киімдерді көп киюге тырысатын Әзел жақында "Мисс Академия-2020" атағын жеңіп алған.

"Жасым - 19-да. Мен - алты құрлыққа ақырса дауысы жеткен қазақтың дәстүрін дәріптеп, салтын сақтап өскен қазақ қызымын. Қаймана қазақтың қаймағын сақтап, ұлттық құндылықтары мен қасиетінің негізгі түп тамыры - менің туған жерім Қарқаралы өңірі. Менің ең үлкен арманым – киноға түсу. Қазақи және басқа да киноларда бақ сынағым келеді. Мұндағы мақсатым - қазақтың ежелден келе жатқан философиясын, мақал-мәтелдердің терең мағынасын, ұлттық дәстүріміздің табиғатпен біртұтастығын, үйлесімділігін бүкіл әлемге таныту.
Қазіргі арзан күлкіге толы киноларда ауылды мазақ қылып, ауылдың адамдарын төмен көрсететіні намысыма тиеді. Шындығына келсек, нағыз қазақи тәрбие мен ұлттық құндылықтар сақталған жер - ол ауыл. Жасыратыны жоқ, қатарластарымның көпшілігі кітапты аз оқиды. Сол себепті, кино арқылы ұлтымыздың басты құндылықтарын насихаттағым келеді", - дейді Әзел Елдосқызы.

Әзел Алматы метросындағы суреті әлеуметтік желіде тарап кетеді деп күтпеген. Мұны Әзелге достары жеткізіпті.

"Бұл фотосессия емес, өзіме де күтпеген сурет болды. Маған достарым бұл суреттің әлеуметтік желіде таралып жатқанын айтты. Ұлттық киімді мүмкіндігінше жиі-жиі киіп тұруға тырысамын. Қатарластарыма, аға-әпкелеріме, өзімнен кішілерге үлгі бола алсам, онда менің арманымның орындалғаны деп есептеймін. Себебі, ұлттық киімді тек Наурызда емес, күнделікті өмірде киіп жүріп, сәнге айналдыруымыз қажет. Бүгінде ұлттық киімдерімізге сұраныс артып келеді. Бірақ әлі де жеткілікті деңгейде емес.
Егер қыз-келіншектер мен апа-әжелеріміз ұлттық нақыштағы дүниелерге бет бұрсын десек, бірінші кезекте ыңғайлы киімдер тігу қажет. Яғни, жыл маусымдарына сай болу керек. Екіншіден - қолжетімді баға. Баға қолжетімді болу үшін қоғам тарапынан үлкен сұраныс болуы міндетті. Сұраныс көп болса, нарық заңы бойынша өндірушілер де көбейеді. Өндірушілерден сұралатыны - ұлттық нақыштарды сақтай отырып, заманауи стильдегі өнімді жасау. Сол үшін отандық дизайнерлер мен өндірушілер бірігуі қажет", - дейді ол.

Әзел жоғарыдағы ұсыныстар біртіндеп шешімін тапса, өндірушілер ұлттық киімімізді қолжетімді әрі күнделікті тұрмысқа сай етіп дайындаса, әрдайым қазақы киімдер киюден қашпайтынын айтады.

"Ұлттық киімдерді кию - мен үшін үлкен абырой. Жоғарыда айтып өткендей, өндірушілер тарапынан күнделікті өмірге сай етіп жасалса, онда қазақи киімдерді әркез кию жоспарымда бар. Қазіргі таңдағы өндірушілердің бағалары қолжетімсіз. Қыз бала болған соң, мен бірнеше киім сатып алу керекпін. Тағы да айтып кетейін, ол үшін баға тиімді болу қажет. Менің ойымды мыңдаған қазақ қыздары қолдайтынына толық сенімдімін. Біз тарихымызбен, мәдениет, салт-дәстүрімізбен және ұлттық киімдерімізбен мақтану керекпіз. Себебі - ол нағыз қазақтың бет бейнесі", - дейді Әзел.

Әзел Алматы көшелерінде ұлттық киіммен жүріп, біраз адамды таңырқатқан. Көшедегілердің барлығы дерлік жағымды пікірлер қалдырған.

"Ұлттық киіммен Алматы көшелерінде жүрсем, көпшіліктің маған таңырқай қарайтыны жасырын емес. Барлығы да жақсы пікір айтып, қолдап жатады. Әсіресе, Арбатта жүрген жастар тамсана қарады. Қай жерде жүрсем де қазақша киімге деген сұраныс өте жоғары екенін байқадым, кезінде аға-буынның Еуропаға еліктегені шындық. Біз, жас ұрпақ өз ұлттық киімімізді мақтанышпен киетін уақыт жетті", - дейді Әзел.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы метросында қыздармен ерекше кездесу ұйымдастырған жас жігіт жайлы жазған едік.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1844557-namysyma-tiedi-almaty-metrosynda-lttyk-kiimmen-zrgen-bojzetken-eldi-tayrkatty/

pixel