Елордада 19 жыл бойы автобус жүргізетін әйел өз ісінің машақаты туралы айтты
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтанда автобус жүргізетін 9 әйелдің бірі - Айымгүл Рахымова жұмыcының қаншалықты қиын екенін айтып, жолда болатын қызықты жағдайларды еске түсірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.
Айымгүл бұл мамандыққа қалай келгенін баяндап берді. Оның айтуынша, әкесінің автобусында кондуктор болып жүрген уақытта, қоғамдық көлікті жүргізуге деген қызығушылығы оянған.
Елордалық тұрғын асқар тауының "қарашы, жас қыздар автобус жүргізіп жүр. Неге сен де бармайсың?", - деген сөзі шабыт әкелгенін жасырған жоқ.
"20 жасқа толғанда оқуға кірістім. Сегіз ай оқыдым. Алдымен төрт айлық теория болды. Одан кейін іс-тәжірибе және тағылымдамадан өттім. Сөйтіп, троллейбус жүргізуге рұқсат беретін "F" санатын алып, бірден троллейбус жүргізуге кірістім. Әкемнің айтқаны демеу болды ма, жеңіл алып кеттім. Оған дейін көлікті жүргізген емеспін. Бірден троллейбустан бастадым", - дейді Рахымова.
Ол алғашқы троллейбусты басқарған күнін есінен шығармайтынын жеткізді.
"Маған ескі троллейбусты берді. Абылай хан даңғылымен келе жатқанда, көлік жүргізушілері "сигнал" бере бастады. Мен түсінбеймін. Өз жолағыммен келе жатқан сияқтымын. Сөйтсем, троллейбустың электр желіге тиетін бір штангасы жанып жатыр.
Содан бірден жолаушыларды сыртқа шығардым, сосын штангаларды төмен түсіріп, троллейбустың үстіне шықтым да, қолда бар нәрсемен өртті өшірдім. Қарасам, бір мүйіздің сымы корпусқа тиіп өрттенген", - деді жүргізуші әйел.
Айымгүл елордада троллейбусты алып тастағаннан кейін автобусқа ауысып кеткенін айтты. Алайда ол үшін тағы оқуға тура келген.
Ол автобусқа қарағанда троллейбустың машақаты көп екенін жеткізді.
"Негізі, автобуспен салыстырғанда троллейбус жүргізген ауыр. Онымен жүргенде екі айнаға, алдыңа және есікке ғана емес, төбеге де қарау қажет. Себебі желінің бойымен жүрмесең, екі мүйізі шығып кетуі мүмкін. Бұдан бөлек, бұрылған кезде дұрыс радиус ұстау қажет. Онсыз штангалар тағы екі жаққа ұшып кетеді", - деп түсіндірді Рахымова.
Әйел адам еңбек өтілінің 19 жылға жеткенін мақташышпен жеткізді. Осы уақыттың ішінде ол бірде-бір рет ірі жол апатына түспеген.
"Мен өзім сабырлы адаммын, біреу жолымды қиып өтсе, сигнал беріп, ішімнен айтатынымды айтып, кете беремін (күлді). Осы уақытқа дейін далаға шығып, жанжалдасып көрген емеспін.
Енді, кей кезде жолымызды қиып, қатты кедергі жасайтындарды жазалайтын кезіміз болады. Ондайда "обгон" жасап, "тормоз" береміз. Олар жынданып, тағы алға түседі. Бірақ рөлде әйел адамның отырғанын көргеннен кейін күледі де, өз жолымен кете береді", - деді Айымгүл.
Одан бөлек әйел адам өз автобусымен сөйлесіп тұратынын да жасырмады.
"Ия, автобуспен сөйлесеміз. Таңертең келген кезде "Привет, красавица!" деп, кешке кетіп бара жатқан кезде "Пока, красавица!" деп, өзім солай сөйлесемін. Ол темір болса, сезеді деп ойлаймын. Өзім де байқадым. Онымен жақсы сөйлессем, жолым болып тұрады. Демалысқа шыққанда өз "красавицамды" қатты сағынамын", - дейді Рахымова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1844649-elordada-19-zyl-bojy-avtobus-zrgizetin-jel-z-isini-masakaty-turaly-ajtty/