Залалсыздандыру жұмыстарына байланысты Түркия парламенті жабылды
Опубликовано:
Түркия парламентінде жаңа коронавирустың кең таралуына байланысты залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты барлық қызметкер үйіне жіберілген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ РИА Новостиге сілтеме жасап.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Фахреттин Ходжа елдегі коронавирус жұқтырудың екінші дерегі тіркелгенін мәлімдеген еді. Екінші адам COVID-19 вирусын жұқтырған алғашқы адаммен байланыста болған.
"Барлығымызды үйге жіберді. Қазір парламент ғимараттарында залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. Наурыз айының соңына дейін парламентке баруға болмайды", - деді қызметкерлердің бірі.
Келесі аптада парламент жұмысының қалай болары әзірге белгісіз.
Еске салайық, 13 наурызда Нұр-Сұлтанда өткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде алғаш рет COVID-19 вирусы тіркелгенін мәлімдеді. Аталмыш инфекция екі азаматтан анықталған.
Вирус жұқтырғандардың бірі ер адам, екіншісі әйел екені белгілі болды.
Көп ұзамай Қазақстанда коронавирус жұқтырған үшінші адам тіркелді.
Сондай-ақ елімізде коронавирус жұқтыру фактісі тіркелуіне байланысты "Б" жоспары күшіне енді. Осыған орай, елде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті сақтық шаралары басталады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1845323-zalalsyzdandyru-zmystaryna-bajlanysty-trkia-parlamenti-zabyldy/