Өтінемін, ақымақ болмаңыздар: Коронавирус жұқтырған адам әлем халқына үндеу жасады
Жарияланған күні:
Англияда коронавирустық инфекциямен жансақтау бөлімінде жатқан науқас әлем халқына үндеу жасады. Ер адам көпшіліктен сақтық шараларын барынша ұстап, ет жақындарының өмірін қатерге тікпеулерін өтінді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Lenta.ru-ға сілтеме жасап.
Марлоу қаласы, Бакингемшир графтығының тұрғыны Мэтт Доккрэй 1 наурызда футбол көріп отырған кезде аздап жөтеле бастапты.
Оның айтуынша, үш апта ішінде жөтелге дене қызуы, бас ауруы мен қалтырау қосылған. Күн сайын денсаулығы нашарласа да, ол барынша сыр бермеуге тырысқан.
Доккрэй дәрігердің қабылдауында болып, оған маусымды ЖРВИ диагнозы қойылған. Алайда ол қажетті ем қабылдаса да жағдайы нашарлай түскен.
Ақыр соңында, ер адамның жұбайы үйіне дәрігерлерді шақырып, науқастың коронавирус жұқтырғаны анықталған.
"Мен қазір жансақтау бөліміндемін. Жақында ғана маған көңіл көншітпейтін болжамдар жасады. Менің екі өкпем де істен шыққан. Дәрігерлер мені өкпені жасанды демалдыратын аппаратқа қосуға дайындады. Бірақ мен әрбір тынысым үшін күресіп, сауығу үшін бәрін жасауға шешім қабылдадым. Үш күн өткен соң менің жағдайым тұрақталды. Алайда бұл өзімді жақсы сезінетінімді білдірмейді", - дейді Доккрэй.
Интенсивті терапия бөлімінде жатқан британиялық азамат адамдарға коронавирустың қауіпті екенін ескертті. Ол өзіне ауру жұқпайды деп есептейтін, карантинді сақтамайтындарға үндеу жасады.
"Әр сағат сайын COVID-19 пандемиясынан көз жұмған науқастармен олардың отбасылары терезе арқылы қоштасып тұрғанын көремін. Өтінемін, ақымақ болмаңыздар. Мен тіпті, қатты қамыққан кезде әйелім мен балама қоштасу видеосын жазып қойдым", - дейді 39 жастағы ер адам.
Сондай-ақ Доккрэй адамдарды жаппай азық-түлік сатып алуды тоқтатуға, сақтық шараларын сақтауды ұмытпай, туыстары мен жақындарының денсаулықтарын қатерге тікпеуге шақырды.
Еске сала кетсек, соңғы деректер бойынша әлемде 21 мыңнан аса адам коронавирустан қайтыс болған.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздіңTelegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1847197-tinemin-akymak-bolmayzdar-koronavirus-zktyrgan-adam-lem-halkyna-ndeu-zasady/