Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Коронавирустан көз жұмған мұсылмандар шариғат бойынша қалай жерленеді

Опубликовано:

Елімізде коронавирустан қайтыс болғандар саны 3 адамға жетті. Осы ретте Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы көпшілікті толғандырған сауалға жауап беріп, вирустан көз жұмған мұсылмандардың қалай жерленетінін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Коронавирустан көз жұмған мұсылмандар шариғат бойынша қалай жерленеді
Көрнекі фото: tbn-tv.ru: Twitter

Діни басқарманың ресми сайтында қауіпті, жұқпалы індеттен қайтыс болған адамның денесін жерлеуге қатысты пәтуа жарық көрді.

Пәтуада қайтыс болған мұсылманды шариғат бойынша қалай жуындыру, кебіндеу, оған жаназа намазын оқу және оны жерлеу керек екендігі айтылған.

"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі өте қауіпті жұқпалы (туляремия, эбола, коронавирус, оба, т.б.) аурулардан қайтыс болған  адамдардың мәйіттерін жуындыруға және жерлеуге қатысты төмендегі шараларды жүзеге асыруды мақұлдайды", - делінген хабарламада.  

Бірінші, денені жуындыру. Өте қауіпті жұқпалы дерттен қайтыс болған адамды жуындыру рәсімі арнайы мемлекеттік мекеменің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүзеге асуы тиіс. Мәйітханада жуындыру шарасы шариғат талабына қайшы келмесе, денені қайта жуындыру шарт емес. Қайтыс болған ер кісіні ер кісі, әйелді әйел жуындыруы керек.

Екінші, денені кебіндеу. Шариғат бойынша дене кебінделуі міндет. Ер кісі үш қабат матамен, ал әйел бес қабат матамен кебінделеді. Алайда жұқпалы дерттен қайтқан кісіні кебіндеу ісінде санитарлық қағидалар сақталуы тиіс. Егер мәйітханада кебінделген дене шариғатқа сай болса, қайта кебіндеу шарт емес. Қайтыс болған ер кісіні ер кісі, әйелді әйел кебіндеуі қажет.

Үшінші, жаназа намазын оқу. Қауіпті індетке байланысты жарияланған төтенше жағдайда жаназа намазына марқұмның ең жақын туыстарының қатысуы жеткілікті. Сақтық шаралары үшін адам санын барынша азайту қажет. Қалалық жағдайда індеттің қоғамдық ортаға (мысалы, көпқабатты үй тұрғындарына, көршілеріне, т.б.) таралмауы үшін марқұмды мәйітханадан тікелей зират басына апарып, сол жерде жаназа намазын оқып, жерлеуге шариғатымызда рұқсат етілген. Жаназа рәсімдерін жергілікті имам атқарады. Намаз оқыған кезде санитарлық нормаға сай дене имам мен жамағаттан қашық жерге қойылады.

Төртінші, марқұмды жерлеу. Дене зиратқа арнайы көлікпен жеткізілуі тиіс. Денені жерлеу рәсімінде биоқауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс. Сондай-ақ дене қайтыс болған мекенінде жерленуі тиіс. Санитариялық-эпидемиологиялық мекемесінің рұқсатынсыз денені үйіне немесе басқа мекен-жайға (өзге қалаға, туған жеріне) апармаған дұрыс. Мұндағы мақсат – жұқпалы індеттің өзге аймақтарға таралуының алдын алу.

"Санитариялық-эпидемиологиялық мекемесі тарапынан мәйітті шариғат жолымен жуындыруға, таяммум алдыруға және кебіндеуге рұқсат берілмесе, мұндай жағдайда шариғаттың зәрулік үкімі негізге алынады. Мәйітханада оралған мата, арнайы үлдір (клёнка) немесе табыт ашылмастан, сол хәлінде жаназа намазы мәйіттен алыс тұрып оқылады", - делінген ҚМБД хабарламасында.

Еске сала кетсек, бұған дейін еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстанда коронавирустан қайтыс болған адамдарды жерлеу тәртібі бекітілген жарлыққа қол қойғаны хабарлаған едік.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1848355-koronavirustan-kz-zmgan-msylmandar-sarigat-bojynsa-kalaj-zerlenedi/

pixel