"Қысым көрсетті": Жамбылда коронавирус жұқтырған дәрігер бар былықты әшкереледі
Жарияланған күні:
Жамбыл облысында коронавирус жұқтырып алған инфекционист Толқынай Ордабаева өңірдегі коронавируспен күреске қатысты былықты әшкереледі. Бүгінде Меркі аудандық орталық ауруханасының дәрігері Тараздағы инфекциялық стационарда жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ордабаева COVID-19 инфекциясын карантиндегі адамдармен жұмыс істеу барысында жұқтырған.
"Меркі аудандық орталық ауруханасының әкімшілігі қысым көрсетіп, медицина қызметкерлерін өздеріне маска тігуге мәжбүрледі, жұмыста ешқандай маска мен қорғаныш құралдары берілмейді. Қайта өңдеуге мәжбүр болдық. Мұның барлығы иммунитеттің әлсіреуіне алып келді", - дейді дәрігер.
Инфекционист Жамбыл облысында қаражат пен құралдар жоқ болғандықтан, науқастармен байланысқан адамдарға 14-күні қайта тестілеу өткізілмегенін айтады. Сондықтан, науқастармен байланысқандар коронавирусқа қарсы қорытынды анализ тапсырмай-ақ ауруханадан шығарылған.
"Қазір вирусқа қарсы Алувия препаратын қабылдап жатырмын. Бұл препараттың жанама әсерлері көп. Мені коронавирус жұқтырған қалалық СЭС-тің эпидемиолог дәрігерімен бірге жатқызды. Жамбыл облысында коронавирусқа қанның полимеразалық тізбекті реакциясын алмайды. ПТР тестілер жоқ, науқастармен байланысқан адамдарға қайта тестілеу жүргізілмейді", - деді Толқынай Ордабаева.
Ақ халаттының сөзінше, Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасы медицина қызметкерлерінің коронавирус жұқтыру дерегін жасырып отыр.
"Неге мені жеке боксқа жатқызбайды? Неге ауруханаға түскенде менен және эпидемиолог дәрігерден коронавирусқа қаннан ПТР , жұтқыншақтан жағынды қайталап алмады? Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасына жеке қорғаныш құралдарына, маскалар мен вирусқа қарсы дәрі-дәрмекке, сондай-ақ, санат бойынша науқастармен жұмыс істейтін ақ халаттыларға бөлінген қаражат қайда? Неге коронавирусқа қарсы қан ПТР-і мен тест өткізілмейді?",- деді дәрігер.
Ордабаева Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасы неліктен медқызметкерлердің коронавирус жұқтырғанын жасырып отырғанын түсіне алар емес. Ол жұмыс орнында инфекция жұқтыруына байланысты эпидемиологиялық тергеу жүргізілуі тиіс деп есептейді.
Өңірлік дәрігердің жанайғайы желіде тарап, қоғам назарына бірден ілікті. Толқынай Ордабаеваның әлеуметтік желідегі жазбасы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа да жетті.
"Тез арада қолға алынсын. Медицина қызметкерін қорғау тәртібін сақтау бойынша тергеу жүргізуді бастау қажет. Бұл мәселені жеке бақылауыма алдым", - деді министр.
Айта кетейік, коронавирусқа қарсы күресіп жатқан алматылық дәрігерлер бір айдан бері ауруханада өмір сүріп келеді.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1849688-kysym-krsetti-zambylda-koronavirus-zktyrgan-driger-bar-bylykty-skereledi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.