Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Карантин жарияланған": Ұлыбританияда тұратын қазақстандық елдегі ахуалды айтты

Жарияланған күні:

Әлемді дүрліктірген коронавирус кеселінен Ұлыбритания да өзіндік шаралар қалбыдап, қорғануда. Осы орайда, Лондон қаласында тұратын қазақстандық азамат Нұрқанат Сүттібаев елдегі хал-ахуалды баяндады деп жазады KAZ.NUR.KZ "Замана" басылымына сілтеме жасап.

Лондонда
Фото: zamana.kz: Facebook

Нұрқанат "Эрнст энд Янг"компаниясында кеңесші болып жұмыс істейді, бір жылдан бері шет мемлекетте жанұясымен тұрады.

Оның сөзінше, елде карантин жарияланған. Тұрғындардан үйден шықпау талап етіледі.

"Отбасы мүшелерімен бір ауық аз уақытқа сыртқа шығып тұруға болады. Бірақ үш адамнан артық топтасуға болмайды. Өзгелермен ара қашықтық екі метрден жақын болмауы тиіс. Жалпы, мұндағы жұрт аса қажеттілік болмаса, үйінен шықпауға тырысады.
Халықтың басым бөлігі оптимистік көзқараста, үрейге берілу байқалмайды. Алғашқы кездері маркеттерде бір аптадай тауар аздығы байқалды, ал қазір бәрі де жеткілікті. Адамдар дүкенге кезек сақтап, араларын екі метр қашықта ұстап кіреді. Іште он-он бес адам жүрсе, сыртта соншасы ретімен кезек күтіп тұрады.
Бұл жақта алғашында жасы ұлғайған адамдарға бірден көңіл бөлінді, оларға барлық жағдай жасалды. Оларға азық-түлік жеткізу жағы тез арада жолға қойылды. Ал қазір қажет еткен басқа адамдарға да керегін үйіне жеткізіп беру іске асып жатыр.
Бірақ бірінші кезекте қамқорлық қарттарға жасалады. Яғни, коронавирус жұғу қаупі жоғары санатқа жататындықтан олар үнемі назарда тұрады. Бұл жақта да алғашқыда залалсыздандыратын заттар, арнайы шығарылған сабын, гельдер жетіспейтін. Бірақ арада көп өтпей бәрі де жолға қойылды. Қазір қажет заттардың барлығы табылады.
Кей-кейде бұл жақта да тәртіп бұзушылар болып тұрады, ондайларға айыппұл салынады. Бірақ ондайлар тым көп емес. Жалпы, халық жұмысты қашықтан жүргізуге үйреніп қалды. Студенттер мен оқушылар да қашықтан білім алып жатыр.
Балалардың үйде іші пыспас үшін ұлттық телеарналарда ата-аналарға не істеу керегі жөнінде ақыл-кеңес беретін бағдарламалар көрсетіледі. Қысқасын айтқанда, мұнда үйден шықпай отыру жағы болмаса, басқадай жайсыздықтар жоқ.
Жұрт жұмысқа барарда жарты сағат, бір сағат метрода шығындалатын уақытын үнемдеп, жұмысын үйде отырып істеп, өзіне пайдалы шаруалармен айналысып жатыр", - деді ол.

Нұрқанаттың сөзінше, Ұлыбританияда үлкен компаниялар да карантин кезінде салықтан босатылған. Бірақ олар салыққа тиесілі қаржыны кейін төлейді. Осы сияқты басқа да жеңілдіктер, көмектер қарастырылған.

"Бір ғана саланы айта кетейін. Шағын және орта бизнесте істейтіндердің лажсыздан ақысыз демалысқа кетуі керек болса, олардың айлық жалақыларының 80 пайызын мемлекет төлеп беретін болып шешілген. Бұл 2500 фунттай ақша, біздің валютаға шаққанда 1 миллион 300 мың теңгедей болады. Мұндағы мақсат – жұмыссыздар санын көбейтпеу. Сондай-ақ карантин біткен кезде жұмысшыларды таппай қалмас үшін де осындай қадамға барып отыр", - дейді отандасымыз.

Нұрқанат "Болашақ" бағдарламасымен АҚШ-та оқып, өнеркәсіптік инженер мамандығы бойынша білім алған. Оқуын бітіргесін Астанада, министрлікте еңбек еткен, Алматыда тұрған. Ұлыбританияға тәжірибе жинақтау мақсатында барған. Сол жақта екі-үш жыл тұрған соң Қазақстанға оралып, өзінің жиған тәжірибесін елімізді дамыту мақсатына жұмсамақ.

Айта кетейік, осыған дейін қазақстандық бойжеткен қазіргі кездегі Түркиядағы жағдайды баяндаған еді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1851925-karantin-zarialangan-lybritaniada-tratyn-kazakstandyk-eldegi-ahualdy-ajtty/