RU

Мақтааралда суда қалған екі ауылдың қазығы басқа жерге қағылуы мүмкін

Түркістан облысында су басқан кейбір ауыл басқа орынға көшірілуі мүмкін. 100 пайыз су астында қалған Жаңатұрмыс пен Жеңіс елді мекендерінің тұрғындары мұндай ұсынысты өздері жасаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі: Depositphotos

Облыс басшылығының есебінше, Жаңатұрмыс пен Жеңіс ауылында 180-ге жуық үй зардап шеккен.

Ал тұрғындардың қос ауылдың орнын ауыстыру туралы ұсынысына жергілікті билік ең алдымен "жазбаша рұқсат керек" деп отыр.

"Мақтаарал ауданында бос жер жоқ, халық тығыз орналасқан. Сол мәселерді қазір қарастырып жатырмыз. Негізі Жеңіс және Жаңатұрмыс тұрғындарынан ұсыныс түскен. Сол ауыл тұрғындарынан 70 пайызы жазбаша келісім болуы керек. Өйткені қазір эмоциямен айтып қалған шығар, ертең "ойбай, көшпейміз, ата-бабамыздың жері, зираты" дегендей, солай десе, біз ештеңе істей алмаймыз", - дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.

Сонымен қатар әкімдік бүгін су деңгейі төмендей бастағанын да айта кетті.   Яғни, қызыл су басқан ауылдардың бірінде су деңгейі екі сантиметр азайса, кейбірінде 6 сантиметрге дейін төмендеген.

Дереккөз КТК арнасы

Еске сала кетейік, бірінші мамыр күні Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бес елді мекенді су басты.

Бұл жағдайдан кейін Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Бүгін үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жеті ауылда су басу қаупі әлі жоғары екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су басқан ауылдардың тұрғындарына жан-жақты материалдық көмек көрсетілетінін, Түркістан облысының бірде-бір тұрғыны назардан тыс қалмайтынын айтты. Ол үшін президент үкіметке тапсырма берген.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1854548-maktaaralda-suda-kalgan-eki-auyldy-kazygy-baska-zerge-kagyluy-mmkin/