Германияда карантин режимі жеңілдетілгеннен кейін коронавирус қайта өршіді
Жарияланған күні:
Германияда өткен сәрсенбіден бастап шектеу шаралары жеңілдетілгеннен кейін коронавирус жұқтыру деңгейі қайта үдей бастаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы EuroNews-ке сілтеме жасап.
Роберт Кох институтының мәліметтеріне сәйкес, базалық репродуктивті көрсеткіш R 1,1-ден асып кеткен. Бұл дегеніміз, ауру жұқтырған 10 адам індетті 11 адамға таратады дегенді білдіреді.
Бұған дейін елдегі ауру таралу жылдамдығы бірліктен төмен болған.
Жалпы Германияда 169 мыңнан аса адамда коронавирус анықталған. COVID-19 инфекциясынан көз жұмғандар саны – 7 395.
Соңғы күндері инфекцияның ошағы Солтүстік Рейн-Вестфалия және Шлезвиг-Гольштейн федералдық жерлеріндегі ет комбинаттарында байқалған.
Билік бұл кәсіпорындарды жабуға мәжбүр болған.
6 мамырда Германия канцлері Ангела Меркель мен 16 федералдық жердің билігі шектеу шараларын жеңілдету туралы келіскен. Дегенмен үкімет басшысы инфекцияның жаңа ошақтары анықталған аймақтарда карантиндік режим қайта енгізілетінін айтқан еді.
Енді мұндай сценарийдің ықтималдығы артты. Сонымен қатар, елде пандемияға байланысты шектеу шараларына қарсы наразылық шерулер өтті. Штутгартта және тағы басқа өңірлерде өткен демонстрациялардағы қатысушылар бостандығына қауіп төніп тұрғанын, ал коронавирусқа байланысты қауіптің тым әсіреленгенін жеткізген.
Айта кетейік, соңғы мәліметтерге сәйкес, дүние жүзінде COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 4,1 миллионға жетіп, 280 мыңнан аса адам көз жұмды.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1855115-germaniada-karantin-rezimi-zeildetilgen-kejin-koronavirus-kajta-rsip-ketti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.