RU

Астаналық қыз туған күнінде жұмыста болған анасымен сөйлесіп, жылап қалды (фото, видео)

Коронавирус індетімен күресу үшін үйінен жырақта жүрген жандардың бірі – астаналық Жәмиля Ахметова. Елордадағы республикалық диагностикалық орталықта аға медбике болып жұмыс істейтін ол вирус кең таралған соң әріптестеріне көмекке келді. Наурыздың соңынан бері үйіне келмеген Жәмиляны балалары, әсіресе, кенже қызы Балзия көп іздейді. Тіпті, туған күнінде анасын видеодан көріп, бүлдіршін жылап қалған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Астаналық бала туған күнінде жұмыста болған анасын көріп, жылап қалды (фото, видео)
Фото: NUR.KZ: Original

Жәмиля Ахметова алты баланың анасы, күміс алқа иегері. Нұр-Сұлтан қаласына отбасымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысынан көшіп келген ол орта білімін жетілдіру үшін жақында Назарбаев университетін тәмәмдаған.

Коронавирус індеті ақ халатты дәрігерлердің онсыз да ауыр жұмысын қиындата түсті. Осындай қысылтаяң шақта диагностикалық орталықта жұмыс істейтін Жәмиля Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты жұқпалы аурулар ауруханасының біріне ауысты.

Бүгінде Жәмиляның үйден кетіп, вирус жұқтырған науқастар қасында жүргеніне бір жарым ай болды. Оны үйінде жолдасымен бірге, балалары да күтіп жүр. Әсіресе, 5 жасар Балзия туған күнінде анасы қасында болмағаны үшін қатты ренжіген. Тіпті, видеоқоңырау арқылы сөйлескен анасын көріп, көз жасына ерік берген.

Астаналық бала туған күнінде жұмыста болған анасын көріп, жылап қалды (фото, видео)
Фото: NUR.KZ: Original

9 мамыр күні Жәмиля Ахметова өзінің кезекті туған күнін науқастардың қасында қарсы алды. Бұл күні дәстүр бойынша үйге дастархан жайылған жоқ. Десе де, балалары қауіпті індетпен күресу үшін алдыңғы шепте жүрген анасын арнайы құттықтап, оны мақтан тұтандарын және сағына күтіп жүргендерін жеткізді.

Балаларының айтуынша, Жәмиля Ахметованың жұмысы маусымның алғашқы онкүндігінде аяқталуы мүмкін. Кейін ол карантинге жатқызылып, маусым айында үйіне оралады.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1855191-astanalyk-kyz-tugan-kninde-zmysta-bolgan-anasymen-sjlesip-zylap-kaldy-foto-video/