"Бармақтай бақты бағалау керек": Ақтөбелік келіншек 36 жасында он баланың анасы атанды (фото)
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласында тұратын Бақберген Медетов пен Ләззат Бұлтанованың отбасы - ауылдастары үшін құтты шаңырақ. Шетелдің иномаркасын мініп, коттеджде тұрмаса да, отбасы балаларымен бақытты. Балалардың бәрі оқу үздігі, спорттық шараларда қатарларының алды боп жүреді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Көпбалалы жанұя 2007 жылы бес баласымен Қарақалпақстаннан көшіп келген.
"Жолдасым екеуміз де Қарақалпақстанда туып-өстік. Ол жақта да жағдайымыз жаман болған жоқ. Жолдасым жұмыс істеді. Балалар мектеп жасына келгенде олардың қазақ мектебіне баруын армандап, бес баламен елге оралдық.
Балаларымыз 1-сыныптан бастап осы жақта қазақ мектебінде оқыды. Өзіміз квотаға берілген ақшаға Жұрын деген ауылдан үй сатып алдық. Қирайын деп тұрған үй болса да, елдің топырағын басқанға қуандық. Алла берсе, тағы да босануға қарсы емеспін. Қазір мемлекет көпбалалы аналарға қарасып жатыр. Әкімдік Жұрындағы апаттық жағдайдағы үйімізді өткізіп, жалдамалы пәтерден үй берді", - дейді Ләззат Бұлтанова.

Ерлі-зайыптылардың отбасы құрғандарына биыл жиырма жыл. Жолдасы да өзі де көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Балаларының алды 18 жаста, студент, ал кішісі 10 айлық. Үйдегі алты бала мектеп жасында.

"Шүкір, алты ұл, төрт қызым бар. Отбасының тірлігі күнде таңғы сағат 5:30-да басталады. Таңғы ас әзірлеп, жолдасымды жұмысқа шығарып саламын. Одан кейін шағын спортпен айналысып, ауылдағы стадионға барып жүгіріп қайтатыным бар.
Әрі қарай балалардың тамағын әзірлеймін. Күніміз осылай өтеді. Алланың берген бақытына алғысым шексіз. Бәріміздің іздегеніміз бір бақыт. Оның бармақтай екенін ұмытып, зәулім сарай мен үлкен көліктерді армандап кетеміз. Жолдасыңның қамқорлығын сезініп, балалардың амандығы мен тәрбиелі өсуін тілеуден артық бақыт жоқ!", - дейді Ләззат Бұлтанова.

Он баланың әкесі Бақберген Медетов Қандыағаштағы зауыттардың бірінде оператор болып істейді. Ал отанасы оның азын-аулақ табысын үйлестіріп, үйдің берекесін келтіріп отыр.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласының Әбілқайырхан даңғылы бойындағы тұрғын үйлердің біріне коронавируспен күреске жұмылдырылған қызметкерлерге арнап сурет салынды. Онда дәрігер, полицей және әскери қызметкер супер қаһарман образдарында бейнеленген.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1855955-barmaktaj-bakty-bagalau-kerek-aktbelik-kelinsek-36-zasynda-on-balany-anasy-atandy-foto/