RU

Бейсен Құранбек: Елордадағы жұмысым мен үйімді тастап, анамның қасына бардым

Өткен аптада тележүргізуші, журналист, Қазақстанның мәдениет қайраткері Бейсен Құранбек көз жұмды. Арыстай азамат өмірден өткенімен, оның артынан өшпейтін із қалды. Соның бірі "Жетісу" телеарнасы директорының отбасы құндылықтары туралы айтқандары деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: Facebook/Бейсен Құранбек
Фото: Facebook/Бейсен Құранбек: Instagram

Қазақ журналистикасында өшпес іс қалдырған Бейсен Құранбек осыдан жеті жыл бұрын жас тілшілермен кездесу өткізді. "Ұлан" газеті мен "Ақ желкен" ұйымдастырған жиын барысында ол анасына деген махабаты туралы, отбасы құндылықтары жайлы әңгіме қозғаған.

"Мен үшін негізгі құндылық – отбасым. Анаммен күнделікті әңгімелесуге уақытым болмай қалды. Әңгімеміз таусылмайды. Ол кісінің шалы туралы айтамыз, шал іздейміз. Соңғы бір жылда анаммен сырласуға, балаларымның тәрбиесіне, сабағына араласуға уақытым болмай кетті.

Астанада үш бөлмелі пәтерім, жақсы жұмысым болса да, ауылға көшіп келдім. Себебі, тоқсаннан асқан қарт анам ауылда тұрғысы келеді. Мен үшін анамның жанында болу – бәрінен маңызды. Мен елордада тұруға талай үлгерермін, ал анаммен бірге өткізетін сәттер шектеулі", - деп айтқан еді ол.

Сонымен қатар тележүргізуші балары үшін қандай әке екенін айтып берді.

"Екі қызым бар. Үлкені 13-те, кішісі 10 жаста. Баланы жақсы көрдім екен деп, үнемі оның жағдайын жасай берудің қажеті жоқ. Өткенде кішкентай қызым: "Әке, айфоным болса күшті болар еді", – дейді. Мен балаларыма қазір айфон алып бермеймін. Қазір бағасы 10 мың теңгеден аспайтын телефондары бар.

Бірақ сабақ кезінде ешқашан қоспайды. Ұялы телефонның радиациясы балаларға өте зиян. Ғалымдар белсіздіктің 70 пайызы ұялы телефонның салдарынан болатынын айтып отыр. Неге мен ондай зиянды нәрсемен өз баламның денсаулығын құртуым керек?

Балаларыма білім, өнер, кәсіп игеру, адамдармен араласу жағын үйретемін. Қиындықтарға төтеп беретін қайсар етіп тәрбиелеймін. Қыздарыма "1-курс оқып жүргенде тұрмысқа шығасыңдар" деп айтамын", - деген еді Бейсен Құранбек.
Фото: Ақ желкен газеті
Фото: Ақ желкен газеті: Instagram

Еске сала кетсек, осыған дейін Бейсен Құранбектің қалай отбасын құрғаны туралы айтқанын жариялаған болатынбыз.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857386-bejsen-kranbek-elordadagy-zmysym-men-jimdi-tastap-anamny-kasyna-bardym/