"Зардабы да ауыр болмақ": Біртанов "жеке карантин" талаптарын қатаң сақтауға шақырды
Жарияланған күні:
Еліміздің денсаулық сақтау министрі қазақстандықтарға үндеу жасап, "жеке карантин" ережелерін мұқият сақтауға шақырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ министрдің Facebook парақшасына сілтеме жасап.
"Құрметті достар! Мен министр ретінде ғана емес, ең алдымен коронавирус эпидемиясының қауіп-қатерін жақсы түсінетін және азаматтардың денсаулығы үшін ерекше алаңдап жүрген адам ретінде сіздерге өтініш жасамақпын.
Дәл қазір жауапкершілікті мойнымызға алып, әрқайсымыз "жеке карантин" ережелерін мұқият үйренер және оны өмір салтына айналдырар кез келді. Ал індетті жұқтырып алмау үшін қарапайым ғана мынадай шараларды сақтасаңыздар болғаны:
1. Жұмыста, көлікте, көшеде, дүкенде және т.б. жерлерде мүмкіндігінше арақашықтықты сақтаңыз;
2. Егер мүмкіндік болса кеңседе емес, үйде отырып жұмыс істеуге тырысыңыз. Туыс, достармен онлайн, видео-қоңырау және өзге де жаңа технологиялардың көмегімен байланыс орнатыңыз;
3. Қоғамдық орындарда маска киіп жүріңіз;
4. Қолды кем дегенде 20 секун сабынмен жиі жуып, санитайзермен сүртіңіз;
5. Өзіңіздің және отбасы мүшелерінің температурасын жиі өлшеп тұрыңыз.
"Айта кету керек, дәл осы шаралар наурыз, сәуір және мамыр айларында төтенше жағдай кезіндегі карантинде көп көмектесті.
Қазір әлемнің кейбір елінде және Қазақстанда да коронавирус инфекцияның екінші толқыны жүріп жатыр. Елімізде екінші толқын мамыр айының соңында карантин талаптарын жеңілдеткеннен кейін басталды. Өкінішке қарай, COVID-19 жұқтырғандар саны бірден артты", - дейді Біртанов.
Министр өз үндеуінде жақында Гарвард қоғамдық денсаулық сақтау мектебі профессорының зерттеу материалы жарияланғанын атап өтті. Онда автор бета-коронавирус маусымы, иммунитет және қарсы иммунитет туралы мәліметтерді пайдаланып, SARS-CoV-2 коронавирусының таралуын есептеген.
Оның болжамынша, күзгі-қысқы кезеңде SARS-CoV-2 қайталануы мүмкін. Оны толқынды болдырмау үшін 2022 жылға дейін орташа әлеуметтік арақашықтықты сақтау талап етілуі ықтимал.
Ғалымның пайымдауынша, осы уақытқа дейін ұжымдық иммунитет қалыптасады немесе вакцина әзірлеп, оны пайдалану керек.
"Қазір инфекцияның таралуын шектеуге бағытталған шаралар мен жеңілдетілген карантин арасындағы ортақ теңдікті тауып, оны қалыпты өмір салтына айналдыру қажет. Коронавирус бізді әлі тағы да әбігерге салары анық. Сондықтан, бұл шараларға мән беріп, мұқият қарауға мәжбүрміз. Алдағы уақытта жағдайы ауыр науқастар саны артуы мүмкін. Алайда, біз жедел жәрдемге кезек күткен пациенттер мен адам өмірін құтқарып үлгере алмай жатқан дәрігерлерді көргіміз келмейді.
Қазір оқушылар мен студенттер демалыста. Өкінішке қарай, кез келген бала, шәкірт немесе студент инфекцияны тасымалдаушы болуы мүмкін. Олар достарымен кездесемін деп жүріп, індетті жұқтырып алса, үйдегі егде жастағы ата-ана, жасы үлкен туыстарына үлкен қауіп төндіреді. Оның зардабы да ауыр болмақ", - деген министр карантин талаптарын сақтауға шақырды.
"Біз бірге күрессек қана бұрынғы өмір сүру салтымызға, жұмысқа тезірек ораламыз, туған-туыс, жақындарымызбен қауышып, еркін жүріп-тұруға мүмкіндік туады, қайта саяхатқа шығамыз.
Ол үшін әрқайсыңыздан "жеке карантин" талаптарын қатаң сақтауды сұраймын! Өз басыңыздың және жақындарыңыздың амандығы үшін жеке қауіпсіздікке аса мән беріңіз. Ауырмаңыздар!", - дейді Елжан Біртанов.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы да ел тұрғындарын карантин талаптарын сақтауға шақырған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1860234-zagdajy-auyr-naukastar-sany-artuy-mmkin-birtanov-zeke-karantin-talaptaryn-kata-saktauga-sakyrdy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.