Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Банкке 45 миллиард теңге қарыз екенін білген алматылық келіншек жанайқайын жеткізді (видео)

Опубликовано:

Аяқ астынан 45 миллиард теңге қарызға батқан алматылық әйел араша іздеуде. Өйткені, проблемалық кредиттер қоры оны сотқа беріп, қазылар ақша өндірілсін деп үкім кескен. Қаржы ұйымымен жасалған келісім-шартта оның қойған қолы да жоқ. Жалғызбасты ана мұнша қаражатты қарызға алмақ түгіл түсінде де көрмегенін айтады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Банк алматылық әйелдің мойнына 45 млрд теңге іліп жіберді
Фото: Еуразия бірінші арнасы: Instagram

45 миллиард теңге қарызсың деген соттың шешімі Зебихон Қадырованың есін шығарыпты. Бұған дейін мұндай тірліктен хабарсыз болған азаматша өзінің борышкерлер қатарында екенін бұрынғы әріптестерінен естіген. Кейіннен ақ-қарасын анықтау үшін өзі іске кірісіпті.

4 жылға жуық жұмыс атқарған компаниясы несие алып, келісім-шартқа қосымша 3 адамды қосқан. Ішінде Зебихон да бар. Алайда, бұл іске дейін қызметінен шығып кеткен Зебихон ол уақытта шекара асып әке-шешесіне барыпты. Ал сотқа жіберілген келісім-шартта қолы жоқ.

"Сот шешімін шығарған кезде мені ешқандай наразылық білдірген жоқ деп көрсетіпті. Егер менің қолым болмаса, мен қалай наразылық білдіремін. Бұл деген барып тұрған заңсыздық. Сот мұны ескерместен мені де борышкерлер қатарына қосып жіберген", - дейді Зебихон Қадырова.

Дау өткен жылдың желтоқсан айында басталған. Компания 2010 жылдан бері өз жұмысын тоқтатқандықтан, "Проблемалық кредиттер қоры" қағазда көрсетілген азаматтардан өтеп алу үшін 9 жылдан кейін сотқа жүгініпті. Медеу аудандық соты сол кезде өндіріп алуды орынды деп шешкен.

Кейіннен Зебихон қалалық сотқа аппеляцияға берген. Алайда осы жылдың мамырында онлайн өткен сот шешімді өзгеріссіз қалдырады. Енді, жоқ жерден қарызға батқан әйел Жоғарғы сотқа шағымдану үшін бір жарым миллиард мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс.

"Проблемалық кредиттер қоры" сотқа берген кезде бір жарым миллиард мемлекеттік баж төлеуі тиіс. Бірақ, заңға сәйкес олар төлемнен босатылған. Енді біз Жоғарғы сотқа шағымдану үшін осы сомманы төлеуіміз керек. Менің қорғауымдағы азаматшада мұндай қаражат жоқ", - дейді Қыдырованың адвокаты Талғат Мылтықбаев.

Адвокаттың айтуынша, сотқа барған әрбір арызда тұлғаның қолы болуы тиіс. Бірақ, Зебихонның бұл жерде ешқандай қолы болмаған. Мұны соттың қалай қарағанын әлі түсінбей дал. Ал қалалық сот өкілдері болса, ақпараттың жай-жапсарын анықтау үшін біраз уақыт кетеді деп отыр.

"Қазіргі таңда іс аудандық сотқа берілді. Қазіргі уақытта соттарда дезинфекция жүргізілуде. Сондықтан істі міндетті түрде сұрағаннан кейін біз сізге қосымша ақпаратты береміз", - дейді Алматы қалалық сотының ресми өкілі Абай Жарылқасын.

Бір бөлмелі пәтерін 20 жылға ипотекаға алған Зебихон Қадырова жалғыз баласын тәрбиелеп отыр. Қазір барлық есеп-шоттары бұғатталғандықтан, баспананың несиесін де төлей алмауда.

Сонымен қатар, сот шешіміне сәйкес жалақысының 50 пайызын ұстап отырады екен. Жазықсыздан жазықсыз жапа шектім деген Зебихон енді қайда барып, кімнен әділдік сұрарын білмейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1860447-bankke-45-milliard-tege-karyz-ekenin-bilgen-almatylyk-kelinsek-zanajkajyn-zetkizdi-video/

pixel