"Саябақтар жабылмайды": Алматыда демалыс күндері қандай шектеулер болады
Жарияланған күні:
Оңтүстік астанада демалыс күндері, яғни, 27- 28 маусымда қосымша шектеу шаралары енгізілген болатын. Осы орайда қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев бұған дейінгі және алдағы "карантиндік демалыстың" айырмашылығын түсіндірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
"Өткен аптада болған шектеулермен салыстырғанда осы жолы саябақтар жабылмайды. Медеу, Шымбұлақ пен Арбат та ашық болады. Халық таза ауада серуендей алады. Енді, үйде отырған да зиянды. Сондықтан осы жолы ашық аспан астында жүруге шектеу болмайды", - деді Тұяқбаев бүгінгі онлайн брифингте.
Қала басшысының орынбасары егде жастағы адамдарға үйде отыруға кеңес берді. Жалпы, инфекцияның таралуына жол бермеу үшін тығыз қарым-қатынасты барынша азайту керек.
"Халық сауда орталықтарында немесе базарларда жүргенше саябақтарда жүрген дұрыс деп шештік. Осы аптадағы шешімде сондай мүмкіндік беріліп отыр. Қаланың ішіндегі және сыртындағы саябақтар жабылмайды. Бірақ біздің ұсынысымыз, мүмкіндігінде, әсіресе, жасы үлкен азаматтарға үйде отырған дұрыс", – дейді Тұяқбаев.
Жергілікті билік өткен аптада енгізілген шектеу шаралары жеткілікті болады деп ойлаған. Алайда инфекция жұқтыру көрсеткіші төмендемей отыр. Сол себепті осы жолы қайтадан "карантиндік демалысты" енгізуге шешім қабылданды.
"Өткен аптада қолға алынған шектеулердің нәтижесі енді көрінуі тиіс. Өйткені инкубациялық кезең екі аптаға созылады. Сондықтан алдағы уақытта ондай шараларды қолға алынбайды деп ойлаймыз. Бірақ барлығы қаладағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады", – дейді Алматы әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен денсаулық сақтау министрлігінің жаңа басшылығына елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қосымша шаралар әзірлеп, ұсынуды тапсырған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1862384-saabaktar-zabylmajdy-almatyda-demalys-knderi-kandaj-sekteuler-bolady/