"Дәрігерлерді қайдан табамыз?": Көлгінов астаналықтарды үйде отыруға шақырды
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындарына үндеу жасады. Ол елордадағы коронавирусқа байланысты қалыптасқан жағдайды баяндап, халықты үйде отыруға шақырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ астана әкімінің Facebook парақшасына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, медицина қызметкерлері соңғы төрт ай бойы коронавирус инфекциясымен күресте алдыңғы шепте келеді. Қала әкімі дәрігерлердің тіпті отбасымен қауышуға мүмкіндігі болмай жүргенін тілге тиек етті.
"Күн-түн демей еңбек етіп жатқан олар – сөзсіз батыр, бірақ түсінейік, олар да адам. Жаны да, тәні де шаршайды.
Бастапқыда дәрігерлердің осы күресте қалуына да, кетуіне де мүмкіндік болды. Бірақ олар қалуды ұйғарды. Сондықтан, біздің оларға осындай қиын сәтте көмегіміз бен құрметіміз – үйден шықпай, тәртіпке бағынуымыз болуы керек.
Дәрігерлерге көмектесу үшін баршаңызды бір ғана дұрыс таңдау жасауға шақырамыз. Себебі медицина қызметкерлеріне дәл қазір біздің көмегіміз ауадай қажет. Түсініңіздер, дәл қазіргі сәтте олардың арқасына артылған ауыр жүкті ештеңемен салыстыруға келмейді", – деді Көлгінов.
Ол бүгінде бірнеше бас дәрігердің, жансақтау бөлімінің меңгерушісі және алғашқы күннен бері күресте жүрген тағы басқа медицина қызметкерлерінің өздері ауырып қалғанын жеткізді.
Қала басшысы пандемия басталған тұста 1 ғана стационар болғанын, ал қазір олардың саны 12-ге жеткенін атап өтті.
"Лаборатория да біреу ғана еді, қазір 8-і жұмыс істеп тұр. Бас кезінде 300 адамға дейін сынама тапсыра алса, қазір күніне 5,5 мың адамға ПЦР тест жасалады.
Қазіргі жағдайға қарасақ, бұның өзі жеткіліксіз. Инфекция жұқтырғандардың саны көбейе беретін болса, біз амалсыздан ірі спорт нысандарын стационар етіп әзірлейміз. Науқастарға орын табылар, бірақ, оларды кім емдейді? Мемлекет жүздеген, мыңдаған төсек орынмен де, медицина құрылғыларымен де қамтамасыз ете алады. Бірақ оның бәріне оқыған маман, дәрігерлерді қайдан табамыз?
Иә, біз қалаға дезинфекция жасауға, бақылау бекеттеріне жұмыс істеуге еріктілер мен әскерилерді тарттық. Бірақ адам жанын сақтап қалу үшін еріктілердің ерік-жігері жеткіліксіз. Оған арнайы медицина білімін алған маман қажет. Аяқ асты немесе асығып дәрігер дайындап шығу тағы мүмкін емес. Дәрігерлерге қолғабыс, өздеріне тәжірибе болсын деп медициналық университеттер мен колледждерден студенттерді тартып жатырмыз. Бірақ, адам өміріне араша түсе алатындай толыққанды маман болу үшін жылдар бойғы оқу мен тәжірибелі еңбек қажет екенін сіз де, біз де жақсы түсініп отырмыз", – деді ол.
Қалада 3,5 мың дәрігер мен 8 мың медицина қызметкері бар. Ал халық саны – 1 млн. 200 мың.
Көлгінов қазіргі уақытта қаладағы барлық аурухана мен емханалар коронавируспен күреске жұмылдырылғанын жеткізді.
"Бірінші қалалық аурухананы толықтай стационарға айналдырдық. Нәтижесінде қосымша 600 орын ашылды. Соңғы 10 күннің ішінде ғана науқастарға арналған орын 1 300-ден 3 100-ге-ге, яғни үш есеге көбейді.
Әрбір бекітілген емхана бойынша компьютер томографиясын түсіру жөнінде бірнеше республикалық клиникамен келісім жасадық. Компьютер томографиясын жасау пневмонияны бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қосымша КТ және ИВЛ аппараттарын сатып алып жатырмыз", – деді ол.
Нұр-Сұлтан әкімі енді бекітілген ережелерге жауапсыздықпен қарап осы үйлесімді жұмыстың бәрін жоққа шығаруға болмайтынын баса айтты.
"Қауіпсіздік шараларын сақтамағандықтан медицина қызметкерлеріне өте ауыр салмақ түсіріп жатырмыз.
"Қауіп қайдан болса қатер содан" дейді. Қазіргі уақытта қауіптің де, қатердің де қайдан екенін жақсы білесіздер.
Сақтықта қорлық жоқ. Өзіміз бен жақындарымыздың өміріне және өзгелердің адал еңбегіне құрмет танытып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтайық!", – деді Көлгінов.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен денсаулық сақтау министрлігінің жаңа басшылығына елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қосымша шаралар әзірлеп, ұсынуды тапсырған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1862392-drigerlerdi-kajdan-tabamyz-klginov-astanalyktardy-jde-otyruga-sakyrdy/