Шымкентте спорт кешенінде 450 орындық стационар дайындалуда (фото)
Жарияланған күні:
Шымкентте спорт кешенінде 450 орындық провизорлық стационар ашылмақ. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, Шымкенттегі жеңіл атлетика спорт кешенінен қосымша күндізгі стационар дайындалуда деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Орталықта ЖРВИ және пневмониясы бар пациенттер ем қабылдайтын болады. Кешенге 450 кереует қойылған. Оның 350-і ОҚМПУ жатақханасынан жеткізілген, ал 100 кереует демеушілер есебінен алынған.

Бүгінде дәнеркелеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. 1 шілдеге дейін 450 орын толығымен дайын болады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, қажетті дәрі-дәрмектерді сақтауға жеті тоңазытқыш жеткізілген.

Мамандардың айтуынша, күндізгі стационарға 50 дәрігер, 75 медбике, 20 санитар қызметкері қажет болады. Ал спорт кешеніндегі жұмысты үйлестіруге қаладағы №5 емхана ұжымы жұмылдырылмақ.

Айта кету керек, бұл стационар таңғы 8-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
"Қазіргі таңда қалада жұқпалы ауруларды қабылдайтын 2870 төсек-орын бар. Оның ішінде 2220 орын – провизорлық, 650 орын жұқпалы ауруға шалдыққан науқастарға арналған. Бүгінде 447 орын бос. Маусым айында ЖРВИ жұқтырғандар саны 2 есеге, пневмониямен ауырғандар саны 6 есеге көбейген.
Осыған орай, Самал-3 шағын ауданындағы жаңа мектептен 400 орындық, политехникалық колледжден 400 орындық, ҰОС ардагерлері орталығынан 100 орындық провизорлық орындар ашылды", - деп мәлімдеді Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойынша елімізде коронавируспен ауырғандар саны 21327-ге жеткен. Олардың 1609-ы Шымкент қаласынан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1862653-symkentte-sport-keseninde-450-oryndyk-stacionar-dajyndaluda/