Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сүйінші сұрайтын нәрсе емес": Белгілі тілші өлімді жария ететіндер көбейгеніне күйінді

Опубликовано:

Отандық танымал журналист Мариям Абсаттар желіде өлімді жария ететіндердің қарасы көбейіп кеткенін айтып, ел тұрғындарына қаралы хабарды жеткізудің әдебін үйретті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Sputnik / Тимур Батыршин
Sputnik / Тимур Батыршин: Instagram
"Өлім - сүйінші сұрайтын нәрсе емес. Естірту еліре шауып, дабыра салатын іс емес. Қазақтың бұрын қаралы хабарды "қайтыс болды" деп төтесінен айта салмай, тігісін жатқызып айтып немесе қамшы сындырып болмаса күй арқылы жеткізуі бекерден бекер емес. Себебі оның ауырлығын сезінген.

Ал қазір байқаймын екінің бірі "пәленше қайтыпты" деп, жарияға жар салып, жамырай сүйінші сұрағандай қылып жеткізеді. Бейне жақсылық хабар әкеле жатқандай, бірі айтса, екіншісі іліп әкетіп...

Иә, бүгінде мына індеттен қайтып жатқандар көп. Оны жеткізушілер одан да көп. Яғни жаңа ғана бір жерден соны оқып "ойбу" дей бергенде болмай, алдыңнан тура сол хабар тағы шыға келеді, солайша жиырмасы жиырма жерден жеткізгенде, бір емес, 20 адам келмеске кеткендей күйде боласың.
  • Айналайын, ағайын, достар, өтініш өлімнен сенсация жасамайықшы, қаралы хабар естіртуден жарыспай-ақ қояйықшы. Онсызда ел күйреп отыр, оған одан сайын соққы бермейікші.

Отбасымен ауырып жатқандар бар, әлгіндей хабарлар оларға қалай әсер ететінін бір ойланып алайықшы, жазбас бұрын. Сізсіз де естіртушілер жетеді, яғни жаман хабар жерде жатпайды.

Айтатын болсам, менің де қанша таныс-тамыр, көз көргендерім атың өшкір дерттен кетті. Тіпті бір құрбым екі бірдей әпкесінен бір күнде айрылды. Сенесіздер ме, мен мұнда "сүйінші" сұрап жазу былай тұрсын, оның өзіне қалай көңіл айтарымды, не деп жұбатарымды білмей қиналдым. Жазуға қолым бармады.

Сіздерден де өтінерім, өлім жайлы жаза беруді доғарайықшы. Түсінем, көңіл айтқыңыз келетін шығар, бірақ жалпыға жарияламай-ақ жеке өзіне шығуға болады ғой. Ол үшін ол адам өкпелемейтін шығар. Жай ғана этика деген болу керек. Қазақ ешқашан жаман хабарды алып-ұшып атпен шауып жеткізбеген.

  • Тіпті үйге қарай жүгірме деп баласына тыйым салған. Себебі елдің үрейі ұшады, қорқады, "жау шапты" не "біреу өлді" екен деп қалады деген. Ал біз қазір тура сол қаралы хабарды ала салып "бәленше қайтыс болды" деп атпен ауылға ала шапқан бала секілдіміз.

Асықпайық, аптықпайық, елдің апшысын қуырмайық, үрейін ұшырмайық. Жақсы сөз айта алмасақ, үндемейік. Өтініш.

Елге қазір үміт керек. Үмітін үзетіндер емес", - деді төртінші билік өкілі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Соңғы деректер бойынша елімізде коронавирус індетінен көз жұмғандардың саны 264-ке жетті.

Еске сала кетсек, осыған дейін Мариям Абсаттар Covid-19 вирусын анықтайтын тестті ақылы етіп қойған билік өкілдеріне реніш білдірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1863693-sjinsi-srajtyn-nrse-emes-belgili-tilsi-limdi-zaria-etetinder-kbejgenine-kjindi/

pixel