Асхат Садырбай: Денсаулық сақтау жүйесінің шірігеніне неше жыл болды
Жарияланған күні:
Отандық танымал журналист Асхат Садырбай еліміздегі денсаулық сақтау жүйесіне қатысты азулы жазба жариялап, бұл саланың құлдырап бара жатқанына кімдер кінәлі екенін айтты. Ақпарат өкілінің сөзінше, оған қоғамның да тікелей қатысы бар деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Асхат Садырбай денсаулық сақтау жүйесінде туындаған күрделі проблемаларда халықтың да үлесі зор екенін жасырмай айтты. Белгілі журналист бүгінде таныс дәрігері барына мақтанып, көп жағдайда кезексіз кіруге үйреніп алған отандастары оған дәлел болатынын жеткізді.
"Еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінің шірігеніне неше жыл болды?! Бүгін соның жемісін көріп жатырмыз. Дәл солай. Бүгінгі таңдағы ауруханалардың ахуалы, иммунитеті әлсіреп, бірінен соң бірі қайтыс боп жатқан дәрігерлер, бетімен кеткен дәріханалар жүйесі. Күн сайын көз жұмып жатқан адамдар. Проблемалар болды, бар, бола да бермек. Әрқайсымыз ауруханаға күніміз түскенде ғана көрдік, айттық, жаздық.
Одан не өзгерді? Ештеңе! Жалғыздың үні, жаяудың шаңы ешқашан шықпаған. Біреудің шырылына құлақ аспақ түгілі лайк та баспай өтіп кетеміз. Бәлесінен аулақ, пәленше әкім танысым, түгенше дәрігер досым. Ертең күнім түссе кезексіз кіремін ғой деген келте түсінік. Қазір біз жаппай кінәлауға көштік, орынды. Бірақ бәріміздің әйтеуір бір рет те болса осы жүйенің шіреуіне бір милиграмм болса да қосқан үлесіміз бар. Мойындауға ұялсаңыз лайк та баспай ақ қойыңыз.
Ал, қазір ше? Таныс дәрігеріңізге ақшаны төбесінен жаңбырша жаудырсаңыз да ештеңе істей алмайды. Себебі шарасыз. Ақша мен таныстың да ештеңе шеше алмайтын кезі болады. Мысалы қазір сондай жағдай. Бұл сөзіммен біреуді ақтап, біреуді даттағым келмейді. Дәл қазір біреуді табалап, біреуді алалап отыратын уақыт та емес. Оның үстіне біреуді даттау немесе ақтау арқылы өзімізді де ақтай алмаймыз. Қазір кез-келген пайдалы ақпарат пен кризистен шығатын жолдар, пайдалы кеңестер ауадай қажет.
Эмоция, сын, ұртоқпақ та керек. Бірақ таразылауды ұмытып кетпейік. Соғыс әлі жүріп жатыр. Вирус соғысы. Қазір бізге тірі қалу маңызды, бір қазақты аман алып қалу үлкен олжа. Халық соңғы тиынын санап берсе де қоғам белсенділеріне ақша жинап берді. Шүкір, аппараттар да шетінен келіп жатыр. Ендігі кезек кімде? Халық жинаған пәлен млнға келген аппарат проблеманы шеше ме, өлім азая ма? Әрине, Алла бұйыртса қайғылы жағдайлар азаяр. Азаматтарымыз да барынша өз денсаулығы мен өміріне жауапкершілігін арттырар. Бірақ мынау тығырықтан тездетіп шықпасақ осы батқанымыз батқан" , - деп өз жанайқайын жеткізді ол Instagram парақшасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1865701-ashat-sadyrbaj-densaulyk-saktau-zjesini-sirigenine-nese-zyl-boldy/