RU

"Қуанышты хабар": Мұхтар Шаханов дертінен айығып ауруханадан шықты (фото)

Белгілі ақын, "Жалын" журналының бас редакторы Мұхтар Шаханов пневмония дертінен айығып, ауруханадан шықты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: Facebook/Құдияр Біләл
Фото: Facebook/Құдияр Біләл: Instagram

Бұл туралы Құдияр Біләл Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

"Қуанышты хабар. Мұхтар Шаханов ағамыз бүгін ауруханадан құлан таза айығып шықты. Тіпті Мұхаңмен Шымкенттен келген рухтас інісі Байбосын мен "Жалын" журналының қызметкері Сәуле суретке түсіп те үлгерді. Мұхаңның аман-есен жазылып шығуына тілеулес болған барша ағайынға алғыс айтамыз", - деді ол.

Еске сала кетсек, осыған дейін белгілі ақын, "Жалын" журналының бас редакторы екі өкпесі қабынып, ауруханаға түскенін жазған болатынбыз.

Кейінірек Мұхтар Шахановтың орынбасары Құдияр Біләл Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, басшысының ауырып жатқанын, медицина қызметкерлері тарапынан ерекше жағдай жасалмай отырғанын айтып шағымданған болатын.

Сонымен қатар Құдияр Біләл Қазақстанның халық жазушысына қатысты желіде тараған қауесетке жауап қатты.

Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Шаханов 2004 жылдан бері "Жалын" журналында бас редактор қызметін атқарып келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866288-kuanysty-habar-mhtar-sahanov-dertinen-ajygyp-auruhanadan-sykty-foto/