RU

Ішкі істер министрлігі: Көбейтұз көлінің тұзын сатқандар анықталды

Ақмола облысындағы қызғылт түсті Көбейтұз көлінің тұзын саудалағандар анықталды. Бұл туралы Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчиди мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігі: Көбейтұз көлінің тұзын сатқандар анықталды
Фото: Хабар 24: UGC
"Бұл ретте біз әлеуметтік желі бойынша жұмыс істейміз. Дәрі-дәрмекке қатысты да көптеген заңсыз фактілер әлеуметтік желіде табылған. Біздің есепте жалғыз Көбейтұз тұрған жоқ. Осындай қызмет көрсетілетін түрлі чаттар мен топтар бойынша жұмыс істейміз. Көбейтұз бойынша да тұзды емдік шипасы бар деп сатқан адамдар анықталды", - дейді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингіде.

Вице-министр мұндай адамдардан тұзды сатып алғандарға еш жаза қолданылмайтынын жеткізді.

"Тұзды сатып алғандарды еш жауапқа тарта алмаймыз. Ал сатқан адамдарға Әкімшілік кодексте тиісті баптар қарастырылған. Тіпті бір емес, бірнеше бап бойынша да жазаланатын болады", - дейді Алексей Калачиди.

Айта кетейік, бұған дейін түрлі ауруға ем деген желеумен Көбейтұз көлінің тұзы келісі 5 мың теңгеден сатылып жатқаны туралы хабарлама желіде пайда болған еді.

Экология, геология және табиғи ресурстар комитеті бұл ақпаратқа қатысты пікір білдіріп, Көбейтұздың түсі ерекше болғанымен оның емдік қасиеті жоқ екенін мәлім етті.

Комит төрағасы Зұлфұхар Жолдасовтың айтуынша, бұл басқа көлдерде бар тұз. Артық ештеңесі жоқ. Соған қарамастан демалыс күндері осында келген халық тұз бен батпақты алып кетіп жатыр екен.

Кейін Көбейтұз көлін полиция күзете бастады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866428-iski-ister-ministrligi-kbejtz-klini-tzyn-satkandar-anyktaldy/