Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көп адам өкпесінің қабынғанын неге кеш біледі: Отандық дәрігер түсініктеме берді

Жарияланған күні:

Алматыдағы Фтизиопульмонология орталығының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, пульмонолог Абзал Малбасқанов пневмонияға қатысты көпшілікті мазалайтын сауалдарға жауап қатты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

Медицина қызметкері көп адам өкпесінің қабынғанын кеш неге кеш білетінін түсіндіріп өтті.

"Өкпенің ауа сыйымдылығы 3-5 литр аралығы. Күнделікті өмірде біз оның жартысын, яғни 50 пайыз мүмкіндігін ғана пайдаланамыз. Ол мөлшер біз үшін жеткілікті, ал оның толық көлемде әдетте тек спортшылар ғана қолданады. Демек, адамдар өкпе ауруы асқынып, демікпе не жөтел пайда болғанда ғана өкпесінің қабынғанын байқайды. Оның үстіне қабыну өкпедегі аралық тіндерде болатындықтан, медициналық аппараттың көмегінсіз өкпе қабынуының бастапқы кезеңін байқау мүмкін емес", - деді Малбасқанов.

Дәрігердің сөзінше, бір адамға көмектескен емнің екінші адамға тиімді болмауы әбден мүмкін.

"Әсіресе, пневмония кезінде оның аурудың қай түрі, яғни бактериялық пневмония әлде коронавирустық пневмония екенін ажыратып алмай, ем қолдану қауіпті. Айталық, қазір өз бетінше емделіп жатқандар қолданатын антибиотиктердің кез-келгені – бактерияны өлтіретін дәрілік заттар.

Ол коронавирусқа қарсы ем емес, керісінше иммунитетті одан сайын әлсіретіп, денсаулықты нашарлатуі мүмкін. Сол себепті, үйден емделер болсаңыз, қосымша клиникалық зерттеулер жасаған соң ғана нақты қажет дәрілерді қолданған абзал", - деді медицина маманы.

Сонымен қатар Абзал Малбасқанов пневмониядан жазылған соң моншаға түсуге бола ма деген сауалға да жауап беруді ұмытпады.

"Өкпе енді ғана орнына келіп жатқанда оған күш түсіру дұрыс емес. Коронавирус қан-тамыр жүйесіне теріс әсер етіп, қанды ұйытады. Бұл қауіпті. Сол секілді моншаға барған кезде адам қатты терлеп, қаны қоюланады. Сөйтіп, коронавирусқа енді төтеп беріп келе жатқан ағза қайтадан әлсіреп қалуы әбден мүмкін.

Сол себепті, емделіп болған соң, толық оңалту шараларынан өтіп барып қана дәрігердің рұқсатымен моншаға түскен абзал. Тіпті, коронавирустық пневмониядан толық айыққанмен, иммунитет әлісер тұрған шақта бактериялық пневмонияға шалдығын қалу қаупі басым", - деді Алматыдағы Фтизиопульмонология орталығының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі.

Еске сала кетейік, осыған дейін Абзал Малбасқанов кондиционердің қандай зиян келтіретінін айтып берген. Оның сөзіне қарағанда, техникалық құрылғы коронавирусты қоздыруы мүмкін, себебі бөлмедегі ауа айналмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867241-kp-adam-kpesini-kabynganyn-nege-kes-biledi-otandyk-driger-tsinikteme-berdi/