"Қоғамға пайдалы болу керек": 18 жастағы ерікті өз еркімен ауруханаға жұмыс істеуге барған
Жарияланған күні:
Орал қаласындағы облыстық жұқпалы және провизорлық ауруханасында дәрігерлер жетіспеушілігі байқалған уақытта Әли Тукашев есімді ақтөбелік қол ұшын беруге сұранып келген. Қазіргі кезде 18 жастағы еріктінің госпитальде жұмыс істегеніне бір айға жуық уақыт болды. Ол басын қатерге тігіп, бұндай қадамға неліктен барғанын айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы uralskweek.kz-ке сілтеме жасап.
Әли Тукашев Орал гуманитарлық университетінде, филология факультетінде оқиды. Биыл екінші курсқа өткен.
Ол Оралдағы провизорлық стационарды әлеуметтік желілер арқылы білгенін айтады.
"Мен жұмыс істеуге және тегін көмектесуге баратынымды түсіндім. Содан кейін бәрі басталды", - дейді Әли.
Жас жігіттің сөзінше, ата-анасы оған кедергі жасамаған.
"Ата-анам қазір болып жатқан жағдайдан шетте қалмайтынымды түсінеді. Олар мені өздері осылай тәрбиеледі, сол себепті мен қолында пакеттері бар әйелдің жанынан жай өтіп кете алмаймын. Оны жеткізуге көмектесемін. Бұл біреуге біртүрлі болып көрінер. Біреу мені өзін көрсету үшін жүр деп айтар. Жоқ, мен үшін бұл жай ғана өмір нормасы", – деп ағынан жарылды ақтөбелік жігіт.
Әли адамдарға, қоғамға пайдалы болу керек деп санайды.
"Науқастардың, олардың туыстарының алғысы - бұл менің пайдалы екенімнің нәтижесі. Ал пайда әкелу және көмектесу - бұл мені ауруханаға баруға итермелеген нәрсе. Біреу сахнада ойнағанды ұнатады, біреу көлікте үлкен жылдамдықпен жүруді ұнатады. Маған пайдалы болу маңызды.
Білесіз бе, мен дәрігерлер ештеңе білмейді деп ойладым. Мен бәрін өз көзіммен олар қалай жұмыс істейтінін көрдім, адамдарды о дүниеден қайтарып алып жатты. Мен ерікті болу туралы шешімімде қателеспегенімді түсіндім", - дейді 18 жастағы ерікті.
Әли қорғаныс костюмінде жүрудің қандай қиын екенін де айтып берді.
"Мен қызыл аймақта жұмыс істеймін, онда бірнеше сағат бойы қорғаныс костюмінде жүру керектігін жақсы білемін. Оны шешкенде, ар жағындағы киіміңді сығып алуға болады. Маңдай және көз айналасы көзілдіріктен көгеріп кетеді. Ауысым соңында қолғап су құйылғандай толып тұрады. Ал сіз қолғапты шешкенде, саусақтарды су сорып тастаған аппақ болып тұрады.
Бірақ жұмыс барысында сіз бұл туралы ұмытып кетесіз, себебі сіздің міндетіңіз ешкімді назардан тыс қалдырмау, қан тамырына дәрі жіберуге көмектесу, оттегі маскасын беру, пациентке қолдау көрсету", - дейді ерікті.
Әли жұмысының екінші күні қорқынышты жағдаймен бетпе-бет келгенін еске алды.
"Қарт адам әлсіреген дауысымен әрең сөйлеп, өлгісі келетінін, Құдайдың қашан алатынын айтып, инені жұлып тастады. Оның денесі көкпеңбек болып кетті. Сол кезде мен де, дәрігер де оған көмектесе алмайтынымызға қатты ренжідім. Мен ол енді қалпына келмейтінін түсіндім", — дейді Әли.
Сұхбат барысында 18 жастағы ерікті әлеуметтік желіде түрлі пкір жазатын жандарға да өз айтары бар екенін жеткізді.
"Олар әлеуметтік желілерде "дәрігерлер ештеңе білмейді немесе неге олар бұны істейді, басқаша емдеу керек" деген сияқты түрлі пікірлер жазады, менің ойымша, егер сіз осындай ақылды болсаңыз, барып, өзіңіз істеңіз", – дейді Әли Тукашев.
Еске сала кетсек, бүгіннен бастап Қазақстанда қатаң карантин тағы екі аптаға созылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867796-kogamga-pajdaly-bolu-kerek-18-zastagy-erikti-z-erkimen-auruhanaga-zmys-isteuge-bargan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.